
Қазақстанның май өндіруші кәсіпорындары Шанхайда өтіп жатқан IX Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) жалпы сомасы 108 миллион АҚШ долларын құрайтын маңызды экспорттық келісімдерге қол жеткізді.
Ұлттық павильонда Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен отандық тоғыз май зауыты өз өнімдерін жұртшылыққа таныстырды. Төрт жыл қатарынан қатысып келе жатқан қазақстандық делегация бұл алаңды екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтудың тиімді тетігі ретінде бағалайды.
Көрме шеңберінде ұйымдастырылған «Шыңжаңға инвестиция салыңыз» атты презентацияға ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі бас хатшысының орынбасары Сюй Байкэ мен Қазақстанның Шанхайдағы бас консулы Нұрлан Аққошқаров қатысты. Шара барысында Майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының атқарушы директоры Александр Яшков отандық май өнеркәсібінің экспорттық әлеуетіне тоқталды.
Оның айтуынша, салада айтарлықтай өсім бар:
Соңғы бес маусымда саладағы экспорт көлемі бес есеге артқан.
2025/2026 маусымының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,8 миллион тоннадан асып, түскен кіріс 1 миллиард 233 миллион АҚШ долларын құрады.
Қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады, ал Қытай бұл бағыттағы негізгі серіктестердің бірі.
Қытай нарығындағы сұраныс жыл сайын артып келеді. Соңғы бес маусымда Қазақстаннан бұл елге жөнелтілген өсімдік майлары, шрот пен күнжарадан түскен валюталық түсім 385 миллион долларға көбейіп, 438 миллион АҚШ долларына жетті. Ал биылғы маусымда Қытайдың осы санаттағы жалпы импорты 16 миллион тоннаға бағаланып отыр.
«Қазақстандық май өнімдері Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұны жыл сайын миллиондаған долларды құрайтын келісімшарттардың жасалуы да растайды. Қытай нарығының ауқымдылығы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік береді», – деді Александр Яшков.
Шанхайда жасалған 108 миллион долларлық келісімдер екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік әріптестіктің тағы бір маңызды нәтижесі болды.
В Атырау +2.9