Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні кешке Ресей әскері Херсон темір жол вокзалына соққы жасағанын хабарлады. Вокзалда эвакуациялық пойыз жүрейін деп тұрған, деп жазады Azattyq.org.
"Қазір барлық құтқару қызметі сонда. Қаза болғандар мен зардап шеккендер анықталып жатыр. Оқиға орнында бейбіт азаматтар көп" деді Зеленский сейсенбі күнгі кешкі мәлімдемесінде.
"Украина темір жол" компаниясының хабарлауынша, атқылауға ұшыраған Херсонда вокзал мен темір жол жылжымалы құрамы бүлінген. "Қазіргі кезде бірнеше жұмысшының жараланғаны белгілі. Жолаушылар тасада отыр" деді компания өкілдері. Компанияның хабарлауынша, жағдай қалыпқа келген соң жолаушылар Николаевқа автобуспен жеткізіледі, ол жақта оларды тасымалдайтын резервтік вагондар дайындалады.
Украина ішкі істер министрі Игорь Клименконың айтуынша, атқылаудың салдарынан Кировоград облысы полициясының лейтенанты қаза болған. Ол адамдарды эвакуациялап жатқанда оққа ұшқан. Шенеуніктің сөзіне қарағанда, жарақаттанған екі полицей ауруханаға жатқызылған. Бұған қоса, екі бейбіт тұрғын жарақаттанған. Клименконың айтуынша, атқылау басталған кезде вокзалда шамамен 140 адам болған.
Херсон облысының жетекшісі Александр Прокудин 26 желтоқсанда Ресей әскері Херсонды күні бойы атқылағанын айтты. Кемінде үш адам қаза болған, бірнеше адам жараланған.
Ресей соғыс басталғалы бері Украинаның азаматтық нысандарына соққы жасағанын жоққа шығарып келеді.