Атырау, 26 қараша 02:54
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

АМӨЗ-дің бұрынғы басшысы Шухрат Данбай кінәлі деп танылды

1 410 просмотра

Бүгін, 26 желтоқсанда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атырау мұнай өңдеу зауытының («AМӨЗ» ЖШС) бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай мен сатып алу департаментінің директоры Қанат Сейдуалиевке қатысты шешім шығарды.

Сот шешімімен АМӨЗ-дің бұрынғы басшысы Ш.Данбай кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс атқаруына тыйым салумен қатар, 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын алады.

АМӨЗ сатып алу департаментінің директоры Қ.Сейдуалиевқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.

Естеріңізге салсақ, оларға Қылмыстық кодекстің 361-бабының 3, 4-бөлігі («Адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы қызметтiк өкiлеттiктерiн өзi үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы пайдаланып, лауазымдық өкiлеттiктерді ауыр зардаптарға әкелген теріс пайдалануы») бойынша айып тағылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, прокурор Данбайды өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын, Сейдуалиевке өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Адвокаттар олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Сот алқасы сотталушылардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаудағы кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденгенін айтты.

- Жеңілдететін мән-жайлардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескеріліп, сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 55-бабының талаптары шегінде жаза тағайындалды, - деп хабарлады сотта.

Бұған дейін мемлекеттік айыптау тарапы Данбайдың АМӨЗ бас директоры болған кезінде ақаулы жабдығы бар мұнайды терең өңдеу кешені нысанын қабылдау-тапсыру актісін жасаған комиссияны тағайындағанын, соның салдарынан 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілгенін мәлімдеген.

- Данбайға бірнеше рет жасалған, мемлекетке аса ірі көлемде 2 миллиард 925 миллион теңге залал келтірген ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айып тағылды, - деп атап өтті прокурор Нұрболат Әбілов.

Тергеу жорамалы бойынша, Данбай мен Сейдуалиев 2019–2020 жж. мұнайды терең өңдеу кешенін салу кезінде мердігерден жеткізілген ақаулы жабдықтың құнын немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша оны ауыстыруды талап етпей, шарт талаптары мен ЖШС жарғысын бұзған.

Бұрын хабарланғандай, сот барысында Данбайға 9 миллион 540 мың теңге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Ақтау үкімінен кейін бұл ақша оған қайтарылған еді.

2023 жылдың мамыр айында 2 қалалық сот «Данбай лауазымға тағайындалғанға дейін жабдық орнатылды және консорциумға қаражат төленді, сома консорциумның талап қою сомасын азайту кезінде ескерілді, залал келтірілмеген» деген уәжбен екі айыпталушыны ақтап шықты.

Прокуратура бұл шешіммен келіспей, бұрынғы бас директорды жазалауды талап етіп, апелляциялық шағым түсіргенімен, облыстық сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін Бас прокуратура ҚР Жоғарғы Сотына наразылық келтіріп, Жоғарғы Сот қалалық және облыстық соттардың барлық сот актілерінің күшін жойды.

Осыдан кейін 2023 жылғы 31 қазанда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен сотталушы Данбайға ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Жоғарғы сот қылмыстық істі Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына қарауға қайтадан жіберді, бірақ судьялардың құрамы басқа болды.

Естеріңізге салсақ, Шухрат Данбайды Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері 2022 жылғы 16 ақпанда ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген «Аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» қылмысын жасады деген күдікпен ұстаған болатын.

Ол 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарды. Ол Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының қызметін тексеруді, сондай-ақ АМӨЗ жұмысын тоқтатуға жауаптыларды жазалауды тапсырған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.

Айтпақшы, 2020 жылдың 1 қарашасында Атырау мұнай өңдеу зауытында биологиялық тазарту қондырғыларының жұмыс режимінің бұзылуы салдарынан ағынды су арнасына құрамында мұнай өнімдері көп апаттық шығарындылар ағызылған. 5 қараша күні «АЖ» тілшілері мұнай өнімдерінің қалдығы құйылған Атырау мұнай  өңдеу зауытының ағынды су арнасының маңына барды

Шухрат Данбай 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. «Қайнар» университетін «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілендіру докторы (DBA). Мұнай жеткізу және өңдеу, мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада өткізу бойынша ірі коммерциялық құрылымдарды басқарды.

«Қазтоммунай» ЖШС, «Гелиос» ЖШС бас директоры, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ (ПМХЗ) бас директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай-химия блогының атқарушы директоры, «Отын-энергетика кешені – Қазақстан» ЖШС бас директоры болды.

2009 жылғы қыркүйектен бастап – «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ бас директоры (2013 жылғы наурызда «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС болып қайта құрылды).

Шухрат Данбай басшылық еткен тұста (2009-2017 жж.) ПМХЗ-да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген деп саналады. Бірақ 2017 жылдың күзінде елімізде дизельдік отын дағдарысы кезінде ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ Данбайды қатты сынға алды. Ол басқаратын Павлодар мұнай-химия зауытында дизельдік отын өндіруге қажетті сутегі өндіру қондырғысы бірнеше аптадан бері жұмыс істемей тұрғаны белгілі болды. Сол кезде бұған тұрбаны қате дәнекерлеген дәнекерлеуші кінәлі деп танылып, Шухрат Данбайға бас директор қызметінен «өз еркімен» кетуге тура келген еді.

Айнұр САПАРОВА

26 желтоқсан 2023, 23:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.