Жақында Атырауда сорғы стансасындағы апат салдарынан қала бір түнде сусыз қалып, кейбір ауданда газ, жылу және электр жарығы болмай қалды. Бұл: «Ал біз қатал қыс мезгіліне дайынбыз ба?» деген орынды сауал тудырды. «АЖ» сауалдарына қала әкімінің орынбасары Ерболат ОМАРОВ жауап берді.
– Кезінде ведомстволық қызметтер жылыту маусымына 100 пайыз дайындығын хабарлаған болатын. Алайда, іс жүзінде басқаша болды, солай емес пе?
- Атырау қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №1202 «Қаланың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындары мен әлеуметтік сала объектілерін 202-2024 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындау туралы» қаулысына сәйкес, 2023 жылдың 15 мамыр айынан бастап ТКШ бөлімі тарапынан пәтер иелері кооперативінің тапсырысы бойынша қаладағы 1153 көпқабатты тұрғын үйдің ішінде орталықтандырылған (ТЭЦ) жылу жүйесінен жылу алатын 1031 үйге гидравликалық сынақ жүргізіліп, нәтижесінде осы үйлер (100%) сынақтан өткізілді.
Қала бойынша 4 қазаннан бастап әлеуметтік нысандар, 9 қазаннан бастап тұрғын үйлер жылуға қосылды.
- Былтыр электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзудан 98 жеке тұрғын үйде өрт болды. Қазіргі уақытта ахуал қандай?
- Жылыту маусымы кезінде көпқабатты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында ТЖД-мен бірлесе отырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қажеттігі туралы жаднамалар таратылып, әлеуметтік желілерге хабарландырулар таратып, жиналыстар ұйымдастырдық. Кең көлемде ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді деуге болады,қазір бұл жұмыстар жалғасуда.
- Нұрсая ықшамауданы - қыста жылу мәселесі жиі көтерілетін аудандардың бірі. Биыл нұрсаялықтарда қыс бойы жылудан проблема болмайды деп сеніммен айта аласыз ба?
- Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары кезеңінде, оның ішінде Нұрсая ықшамауданында жұмыстар атқарылды.«Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-іне қарасты жылу бекеттерінде 5 жылыту қазандығы жаңартылды. Сонымен қатар ТКШ бөлімінің теңгеріміндегі 12 орталық жылу бекеттерінде 4 жылу алмастырғыш, 23 су айдағыш сорғы орнатылды. Бұл қондырғылардың барлығы ашық электронды тендер нәтижесі арқылы анықталған мердігер мекеме тарапынан жеткізіліп, орнатылды. Бұған қоса, осы жылы жалпы ұзындығы 8,8 шақырым ыстық су және жылу желісі жаңғыртылды.
Айнұр САПАРОВА