14 желтоқсанда Атырау қалалық №1 емханада 51 жастағы әйел қайтыс болды. Пациент екпе кабинетінде екпе алғаннан кейін көз жұмған.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі аталған емхананың жауабына сілтеме жасай отырып түсіндіргендей, 14 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 09:15-те әйелге екпе салынған, 5 минуттан кейін ол өзін нашар сезініп, ес-түссіз құлаған. Дәрігерлер жедел жәрдем шақырып, өздері де алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бірақ сағат 09:51-де биологиялық өлім тіркелді.
Белгілі болғандай, 1972 жылы туған әйел жыл сайын осы мезгілде скринингтен өтіп тұрған. 24 қарашада есту қабілетінің нашарлағанына шағымданып, емханадағы отоларинголог дәрігердің кеңесіне жүгінген.
13 желтоқсанда жеке сурдолог дәрігердің қабылдауында болып, оған «I деңгейлі кереңдік. III дәрежелі сол жақ құлақ кереңдігі» диагнозы қойылып, ем тағайындалған. Сол күні әйел екпе кабинетіне жолдама алу үшін учаскелік дәрігердің қабылдауында болған.
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Айнұр САПАРОВА