Жуырда Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының сахнасында ресейлік драматург Надежда ПТУШКИНАНЫҢ трагикомедиясы желісімен қойылған «Тастамамені» атты спектакль өткен болатын. Оны сахналаған - оралдық режиссер Мұқан ТОМАНОВ.
Сахнада – түрлі жағдайда жалғыздық дертіне ұшыраған жандар. Одан айығудың амалдарын іздеп, бірі әкесінің келуін күтеді, енді бірі көңілдестерден жұбаныш табады, ал үшіншісі күйеулерін жиі ауыстырады.
Ал басты кейіпкер Катерина (актриса Айнагүл МҰХТАРОВА) жан жүдеткен сезіммен алысып, аласапыран күй кешіп жүргенде... кәдімгі сиырға кезігеді.
Жасы 40-тан жаңа асқан Катеринаны жолдасы Вадим бір күннің ішінде тастап кетеді. Вадимнің онымен ажырасуына түрткі болған - сезімнің суынуы емес, арада баланың жоқтығы. Содан да құрсағында өзінің баласын көтерген жас келіншекпен қосылуға асық. Осылайша Вадимді қимастықпен шығарып салуға шыққанда... қала көшелерінің бойында сұлап жатқан сауын сиырға жаны ашып, үйіне алып келеді, баласындай мәпелейді. Бұрын Вадимге қалай қамқор болса, сиырдың да солай асты-үстіне түсіп жатқаны...
...Бұл қылығына Катеринаның анасы Александра шошына қарап, біраз сыбап алады. Өзінің қасындағы кезекті күйеуі Александр екеуі Катеринаны күйеуге беріп, оған осылайша жалғыздықтан құтылуға көмектесеміз деп шешеді. Ал күйеу жігіт – жауапсыз әрі ұшқалақ кейіпкер, Александрдың ағасы - Руслан.
Құда түсу – спекталь оқиғасының нағыз шарықтаған сәті десе де болады. Осы кезде зал іші күлкіге толды. Көрермен бір жадырап қалды.
Катерина қолына мылтық алып, үйінен бәрін қуып шығады да, өзіне ыстық болып кеткен сауын сиыры екеуі ғана қалады. Бірақ, бәрі осымен бітпейді. Спектакль соңында Вадим Катеринаға қайта оралып, өзін кешіруін жалынып сұрайды (оны жас келіншегі алдап соғыпты. Құрсағындағы бала басқадан болып шыққан). Мейірімді Катерина оны кешіреді. Сенімді серігі болған сиыр да пәтерде қалады. Актерлар пьесаны қызықты ойнағаны сондай, көрермендер де дән риза болып тарасты.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ