Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы 3ейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатында тағы да тексеру жүреді.
Бұған дейін мектеп-интернатты Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тексеріп, бірқатар заңбұзушылықтар тапқан болатын. Департамент басшысы Бердібек ТАИШЕВ білім беру ұйымында бірқатар кемшіліктер анықталып, басшысына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 51 750 теңге айыппұл салынғанын хабарлады.
Облыстық білім беру басқармасының да тексеру жүргізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының м.а. Тілекқабыл БАЙДОШЕВТЫҢ қолы қойылған жауапта «3.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатын зерделеу қорытындысы бойынша құжаттар тиісті құзырлы органдарға жолданғаны» хабарланды.
Еске салайық, бұған дейін мектеп-интернат тәрбиеленушісінің анасы ІІ топтағы мүгедек қызының қолы көгеріп келгеніне шағымданған еді. Анасына сыныптастары қызын тәрбиешілердің бірі ұрғанын айтқан. Әйел полицияға арыз түсірген, бірақ іс сотқа жетпей, «дәлелдердің жеткіліксіз болуына байланысты» жабылған. Осы істің барысында мектеп-интернатты жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінгеніне қарамастан оның тозығы жеткені белгілі болды. «АЖ» биыл мектеп-интернатты модернизациялау жұмыстарына 34 млн теңге, бір жылу қазандығы мен төрт сорғыға 5 млн 890 мың теңге қаржы бөлінгенін анықтады. Ал 2022 жылы 45 бейнебақылау жүйесіне – 2 390 000 теңге, электр плитасына – 775 000 теңге, сорғыға – 537 000 теңге, ет турағыш алуға – 388 000 теңге қаржы бөлінген. 2024 жылы күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат жасақтау үшін 8 млн теңге қаржы сұралып отыр
Айнұр САПАРОВА