Алматының ауданаралық экономикалық соты істі еліміздің тұтынушыларының пайдасына шешпеді.
Естеріңізге сала кетсек, сот ісіне Атырау тұрғындарының - ұялы байланыс операторы абоненттерінің өз келісімінсіз біржақты тәртіпте тарифтік жоспардың өзгеруіне қатысты шағымдары себеп болған еді.
«Kсell» АҚ пікірінше, оператордың тарифті көтеру құқығы қызметтер көрсету туралы жария келісімшартта көрсетілген. Сонымен қатар, ұялы байланыс операторы жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде Кәсіпкерлік кодекске сәйкес көрсетілген қызметтердің бағаларын өздігімен белгілеуге құқылы. Бұдан басқа, ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидасына сәйкес, оператор жаңа бағалар енгізілгенге дейін бір айдан кешіктірмей абонентті SMS арқылы алдын ала хабардар ету арқылы тарифтік жоспарды өзгертуге немесе жоюға құқылы. Егер абонент үнсіз қалып, жаңа тариф бойынша қызметті пайдалануды жалғастырса, бұл оның келісімі болып саналады.
Алайда Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Kcell бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді: Азаматтық кодексті және ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидасын бұзып отыр, ал абоненттің үнсіз қалуы оның жаңа бағамен келіскенін білдірмейді деп санайды.
Артынша департамент сотқа шағым түсіріп, Kcell-дің әрекетін заңсыз деп тану, абоненттердің құқықтарына нұқсан келтіретін шарттарды жария келісімшарттан алып тастауды және қайта есептеп, ақшаны елдің барлық тұтынушыларына қайтаруды талап етті.
Былтыр жыл соңында берілген шағымды көктемде қарай бастады. Бұл ретте, Атырау экономикалық соты жауапкердің өтініші бойынша істі Алматы қаласындағы, яғни компанияның бас кеңсесі орналасқан жердегі әріптестеріне жолдады. Ал небәрі екі отырыстан кейін Алматы қаласы экономикалық сотының судьясы Л.ИСМАИЛБАЕВА жауапкердің әрекетін заң нормаларына сай деп танып, талапкердің барлық талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Әлем УӘЛИЕВТІҢ айтуынша, сот, өкінішке орай, бірқатар жайттарға мән бермеген.
- Негізінен ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларында бағаны көтеруі мүмкін себептері көрсетілген. Ал бұл себеп – тарифтік жоспарға енгізілген қызмет көлемінің өзгеруі. Алайда, сот тарифті көтерген кезде қосымша қызмет қосылған ба, анықтаған жоқ, - дейді ол. – Сонымен қатар, тарифтік жоспарға енгізілген қызметтер көлемінің өзгеруіне байланысты бағаның көтерілуі телефон қоңырауы арқылы, сондай-ақ автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы қабылданған абоненттің келісімімен (өтінішімен) жүзеге асырылады. Сондықтан мен Kcell сілтеме жасап отырған жария келісімшарттың тармағы Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларының талаптарына қайшы келеді, сондықтан оның күші жойылуы керек деп есептеймін. Жария келісімшартта жай ғана кіріптарлық мәміле боп табылатын басқа да жайттар бар!
Қазіргі уақытта экономикалық соттың шешіміне Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына шағым жолданды.
Айтпақшы, биыл үш ұялы байланыс операторының («Kcell» АҚ, «КаР-Тел» ЖШС және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС) Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларының заңдылығын, оның ішінде әрбір абоненттің келісімін алу керектігі туралы тармақтың заңдылығын даулап, сотқа жүгінуі кездейсоқ болмаса керек. Операторлардың пікірінше, Қағиданың осы және басқа да нормалары олардың кәсіпкерлік қызметті өз бетінше жүргізу құқығын шектейді. Бірақ үш инстанцияның соттары кезекпен олардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Тағы бір жайт. Шілде айында бұл саланы қоғамдық маңызы бар нарыққа жатқызу арқылы Қазақстанда ұялы байланыс қызметтерінің бағасын мемлекеттік реттеуді енгізу ұсынылды. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі республикалық агенттік тіпті реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеп, ол «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.
Алайда қыркүйек айында Цифрлық даму министрлігі бұған қарсы болып, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасынан бағаны мемлекеттік реттеу туралы ұсыныс алынып тасталды.
Лев ГУЗИКОВ