ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндады.
2023 жылдың сәуір айында Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында Маңғыстау облысында мемлекеттік табиғи қорық құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі бекітілді. Оның негізінде қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде, ол ағымдағы жылдың соңына дейін дайын болады. Резерв 2024 жылдың маусымында дербес заңды тұлға ретінде құрылады.
2023 жылдың наурыз айында Экология министрлігі мен ІІМ Жайық-Каспий бассейні акваториясында браконьерлікпен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен жоспарын бекітті. Жоспар аясында бірлескен рейдтер жүргізіліп, теңізде бақылау күшейтілді.
Бұған қоса, Атырау қаласындағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасы жаңғыртылатын болады. Министрлік тиісті Жол картаны бекітіп, оны жүзеге асыру шеңберінде зауыт құрылыстарының тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізіліп, биологиялық негіздеме әзірленген. Маусым айында зауытты дамыту тұжырымдамасы мен жобалық құжаттаманы әзірлеуге техникалық тапсырма бекітілді.
2023 жылдың 10 айында 34,9 мың тонна ауланып, 13,2 мың тонна өсірілді, 15,6 мың тонна экспортқа, 32 мың тонна балық әкелінді.
2023 жылы саланы субсидиялауға 4,1 млрд теңге қарастырылған, бұл бір жыл бұрынғыдан 4 есе көп. Бұл - күрделі салымдарға, техникалар мен жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгі құрамдас бөліктерге арналған, атап айтқанда жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алу шығындарды өтеуге арналған инвестициялық субсидиялар.
Қазіргі уақытта республикада балық өңдеумен айналысатын 72 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығына ие болды. Бұл ретте қазақстандық қосымша 13 кәсіпорын осындай экспорттық құқық алуға өтінім берді.
Сондай-ақ экспорт нарығын кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісіліп, 65 қазақстандық кәсіпорын ҚХР тізіліміне енгізілді.
Отандық балық өңдеу кәсіпорындары балық өнімдерінің 100-ден астам түрін әлемнің 21 еліне экспорттайды, оның ішінде ең ірі тұтынушылар - Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ