Қытай, Түркия және АҚШ-тың арзан тауар жеткізушілері, WhatsApp чаттары арқылы өнім сататын байерлер құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Мұндай алаяқтық түрінен зардап шеккендердің арасында атыраулықтар да бар екені белгілі болды.
Айтпақшы, мәжілістің жуырда өткен пленарлық отырысында зардап шегушілердің көптігіне алаңдаған депутаттар бұл тақырыпты көтерген еді. Байерлердің көпшілігі Қазақстанда заңды түрде жұмыс істейді, ал басқалары алдайды. Сондай алаяқтардың бірі - Айс МҰРАТОВА, шын есімі Арайлым ҚОЖАМҰРАТОВА. Шетелден тауар жеткізу саласында өзін ірі кәсіпкер ретінде таныстырып, әлеуметтік желі арқылы сатып алушыларды тартып, төлемді картаға аудару арқылы келісімшарт жасамай-ақ қабылдап, сол арқылы тауарды белгілі бір айларда жеткізуге уәде беріп, халықты алдаған. Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, еліміздің әр өңірінен бес мыңнан астам қазақстандық оның құрбанына айналған, мұндай тапсырыстардың жалпы сомасы 30 миллиард теңгеге жетеді. Адвокат Нұрсұлтан ОРЫНБЕКОВТІҢ әлеуметтік желіде жариялаған ақпараты бойынша, А.Қожамұратованың үйі қазір сатылымға шығарылған, өзі үйқамақта, тергеу жүріп жатыр.
Бұл алаяқтық тауарларды Қазақстанда сатылатын бағадан арзанырақ, яғни делдалдардың үстеме бағасынсыз және тікелей өндірушіден сатып алғысы келетін адамдардың аңғалдығына негізделген. Қожамұратованың өз агенттері болған, олар қитұрқылықтан бейхабар сатып алушылардан тапсырыс алумен және ақша жинаумен айналысқан.
«Пирамидаға таныстарым мен туыстарымды тарттым»
Байердің құрбандарының бірі, Атырау қаласының тұрғыны Айгүл Н., «АЖ»-ға өз хикаясын айтып берді: «Мен WhatsApp чатына танысымның ұсынысымен қосылдым. Ол жерде арзан бағамен тауарға тапсырыс беруге болатынын айтып, тауар бірден келмейтінін, жолдың алыстығына байланысты біраз уақыт күтуге тура келетінін, тауар өндіруші зауыттың Қытайда орналасқанын ескертті. Бұл чатқа 300-ге жуық адам қосылған.
Күн сайын түрлі тауардың жаңа суреттерін жібереді, бағалары да өте тартымды. Сатып алушылар тез тапсырыс беріп жатты: кейде ұсақ-түйек зат – қуыршақ, әшекейлер... болды. Бірақ жиһаз бен тұрмыстық техника секілді үлкен тапсырыстар да кездесіп жатты. Суретте бағасы ғана емес, 2 айдан бір жылға дейінгі жеткізу мерзімі жазылып тұрды. Сөйтіп, мен де бағасына қызығып, жиһаз бен ыдысқа тапсырыс бердім. Олардың төлемін дереу Каспий Gold арқылы жасауды ұсынды. Маған тауарды алған кезде оның жеткізу ақысын да төлейтінімді ескертті. Содан бері бір жыл өтті. Тапсырысымды алып, ақшамды қайтара алатыныма енді сенбеймін. Оның үстіне мен сияқты арзан бағаға қызыққан таныстарым мен туыстарымды да осы қаржы пирамидасына кіргіздім».
«Делдалдар әлі де тауарды күтіңдер дейді»
Тағы бір Атырау тұрғынының әңгімесі: «Тоңазытқышты 6 айдан кейін жеткіземіз деп уәде берген, бірақ ақыры алмадым. Ыдыс-аяқ, төсек-орын және миксерге де тапсырыс бердім. Мен де белгісіз нөмірге 150 мың теңге аудардым. Осы чатта адамдардың тапсырыс берген тауарларын алғанын айтып, суреттерімен, пікірлерімен, бағаларымен бөлісіп жатқанына сеніп қалдым. Осы заттардың бәрінің арзан болғаны сондай, бәрін сатып алғым келді. Кейбіреулер шамасы қымбат бағасына қайта сату үшін шығар, бірдей тауардың бірнешеуін сатып алды.
...Несін айтайын, содан бері қаншама ай өтті, тапсырыс берген заттарымның ешқайсысын әлі алған жоқпын, бұл чат қазір жабық тұр. Менің білуімше, бізден тапсырыс қабылдағандар сол ірі кәсіпкер Айс Мұратованың қызметкерлері. Әйелге қатысты тергеу жүріп жатқанына қарамастан, оның Атыраудағы делдалдары, олардың бірнешеуі бар, бәрібір тауарды ерте ме, кеш пе аламыз деп сендіреді. Олардың өздері де ақшаларын салғандықтан, өзіміз де алданып қалдық дейді».
Адвокат Татьяна МОХНАЧЕВА «Ақ Жайық» газетінің редакциясына осы жағдайға қатысты былай деп түсіндірді:
«Осы жағдайлардан ауызша мәміле арқылы жасалған азаматтық-құқықтық қатынастарды көре аламыз, мұнда сатушы белгілі бір тауарды жеткізуге және сатуға, ал сатып алушы оны төлеуге міндеттеледі. Сатушы тауарды жеткізбегендіктен, міндеттеме орындалмаған.
Алайда, міндеттемелердің көп бұзылғанын және ұжымдық сипат алғанын ескерсек, сатушылардың адалдығына күмән туындайды. Осыған байланысты бұл азаматтарға сатушыларға шара қолдану үшін ұжымдық арызбен құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берер едім. Өйткені ҚР ҚПК 179-бабына сәйкес, шарттық міндеттемелерді адал орындамау туралы ұжымдық және көптеген шағымдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады. Соның барысында тергеуші сатушының әрекетінде қылмыс құрамы бар-жоғын анықтайды, содан кейін ол кінәлілерді жауапқа тарту үшін істі сотқа жібере ме әлде іс бойынша өндірісті тоқтата ма, процессуалдық шешім қабылдауы тиіс».
Полиция департаментінің мәліметінше, арзан бағадағы тауарға тапсырыс алған тұлғаларға қатысты алаяқтық дерегі бойынша бір ғана қылмыстық іс тіркеліп, тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктінің WhatsApp желісі арқылы тұрғындарды алдап, тауарға тапсырыс қабылдап, ақшасын алып, белгілі схема бойынша әрекет еткені мәлім болды.
Алаяқтардан зардап шеккендер үшін бәрі оңынан шешіледі деп үміттенеміз. Бұған қоса, сақ болыңыздар деп тағы да ескерткіміз келеді.
Елена СҮНДЕТОВА
Зардап шегушілер жолдаған WhatsApp чатындағы суреттер мен бейнежазба