Атырау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сәйкес келмейтін тауарға және оны жеткізгені үшін төленген ақшаны қайтаруға көмектесті.
8 қазанда Атырау қаласының тұрғыны интернет-дүкендердің бірінен көкөніс турағышқа тапсырыс берген. Тауардың құны 11900 теңге, ал жеткізу құны 3500 теңге болған.
Көп ұзамай көкөніс турағыш жеткізілді, алайда сатып алушы тапсырыс берген үлгі болмай шықты. Оның сатушының үстінен шағым түсіріп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласудан басқа амалы қалмады. Нәтижесінде тұтынушы тауар үшін де, жеткізу үшін де төлеген ақшасын қайтарып алды.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес, тұтынушылардың сапалы да, сапасыз да тауарларды айырбастауға немесе қайтаруға құқығы бар. Заңның 30-бабына сәйкес, мыналарды:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
2) іш киімді;
3) шұлық-ұйық бұйымдарын;
4) жануарлар мен өсімдіктерді;
5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.
Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Сіздің тұтынушылық құқығыңыз бұзылған жағдайда, өңір тұрғындары Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласа алады немесе E-Otinish платформасы арқылы арыз жаза алады.
Департаменттің мекенжайы: Атырау қаласы, Әбілқайырхан даңғылы, 79 («Көрме орталығының» ғимараты, 2-қабат). Байланыс телефондары: 8 (7122) 52-03-91, 52-07-83.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ