Атырау, 26 қараша 15:27
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сот инспекторды полиция департаментінен қорғады

1 042 просмотра

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы талап қоюшы «Атырау облысының полиция департаменті» ММ-нің жауапкер - қызметтік көлігі ауласында өртеніп кеткен полиция қызметкерінен мүліктік залалды өндіру туралы азаматтық іс бойынша бірінші саты соты шешімінің күшін жойды.

2021 жылғы 1 қазанда Индер ауданы полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясының аға инспекторына бекітілген «Skoda Oktavia» маркалы қызметтік көлігі өз үйінің ауласында өртенген. Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, автокөлікті өртеген адам анықталмады. Қызметтік тексеріс жүргізу нәтижесінде полиция қызметкері арнаулы атағын төмендету түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.

Облыстық полиция департаменті қызметкеріне қатысты қосымша жаза ретінде көліктің құнын өндіріп алуды шешеді. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден мемлекет пайдасына 1 500 000 теңге залал, 45 000 теңге мемлекеттік баж, 131 403 теңге сараптама шығыны өндірілген. Ал ведомство сол кездегі көліктің нарықтағы құны - 4 209 263 теңгені өндіруді өтінген болатын. 

Жауапкер бұған көнбей, тараптар арасында материалдық жауапкершілік туралы жазбаша шарт жасақталмағанын көрсетіп, апелляциялық шағым берді. 

Істі қарау барысында автокөліктің қалдық құны туралы растайтын дәлелдемелер ұсынылмағаны және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмауына байланысты сот алқасы бірінші саты сотының шешімінің күшін жойды. Полиция қызметкерінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылды.

Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ

10 қараша 2023, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.