«Атырау-Астрахан» тас жолының 40 шақырымы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК баспасөз қызметі. 2020 жылы 20 шақырымы пайдалануға берілген болатын. Қалған 217 шақырымның барлығын жыл соңына дейін ауа-райы қолайлы болса, көлік қозғалысы үшін толықтай ашу жоспарланып отыр.
Қазір «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары қайта жаңғыртылып жатқан халықаралық дәліз құрылысын жіті бақылап отыр.
Филиалдың бөлім басшысы Нұрлан ЖАНТУРИННІҢ айтуынша, инженерлер А - 27 - "Ақтобе - Атырау – Ресей шекарасы (Астрахан бағыты)" тас жолына жыл басынан бері 69 рет тексеріске шыққан.
Жол құрылысына пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 390 сынама алған. 65 сынаманың ҚР стандарттарына сай еместігі анықталды. Яғни, жол құрылысына пайдаланылған кей жерлерде ірі кеуекті қиыршық тас, қарақиыршықтас фракциясы және керн кескінінің қалыңдығы талапқа сай келмейді. Жол төсемінің көлік қозғалысы үшін ашылған кей жерлерде тегістігі келмейтіні анықталды.
Бүгінгі күнге дейін анықталған сәйкессіздіктің 9-ы қалпына келтірілді. Мамандардың тексеріс қорытындысы бойынша аталған жолдың 853-893 шақырымы аралығынан анықталған кемшіліктер мердігер мекеме есебінен қайта қалпына келтірілді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА