Индер ауданы бойынша баспана салу үшін 6528 адам жер телімі кезегінде тұр. Индербор кентінде 4816, Жарсуатта 309, Бөденеде 245, Көктоғайда 144, Өрлікте 152, Есболда 400, Елтай округінде 462 адам кезекте. Жұртшылыққа жердің қашан берілетіні туралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН шағын сұхбатында әңгімелеп берді.
– Сонымен жерлер қашан беріледі?
- Ауданға қарасты Бөдене, Жарсуат, Өрлік, Көктоғай ауылдарына 2020-2022 жылдары газ бен су желісінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Аталған ауылдарда ток желісінің жұмысы басталғанымен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық сметалық құжаттамаларына түзету жұмыстары жүргізілуде.
- Аудан орталығы Индербор кенті бойынша жер беру Аққала ауылынан жүзеге асады деген еді. Бұл ауылда инженерлік инфрақұрылым неге аяқталмай жатыр?
- Аққала ауылының оң жақ жағалау учаскесінен 903 жер учаскесі дайындалуда. Мұнда газ газ желісі жүргізілді, ал ауыз су құрылысы да толық аяқталып, нысанды қабылдап алмақпыз. Ток желісі ғана қалып тұр, оны 2024 жылы жұмысын бастау үшін 580 млн теңгеге сұраныс берілді.
Жалпы Аққала ауылынан берілетін жер телімдері кезектілік бойынша Индербор кенті тұрғындарының сұранысын қанағаттандырмақшы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор