Әлеуметтік желілерде ер адамдар арасындағы қақтығыс түсірілген видео тарап жатыр. Онда екі тараптың төбелесіп, бір-біріне тас лақтырып жатқаны көрінеді.
Бұл Атырау облысы Мақат ауданы Доссор поселкесінде 28 қазан күні болған оқиға екені анықталды. Атырау облыстық полициясы департаменті баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТТІҢ айтуынша, сол күні кешке сағат 23:05 шамасында Мақат аудандық полиция бөлімінің «102» арнасына Доссор селолық ауруханасының фельдшері қоңырау шалып, 2002 жылы, 2003 жылы, 1999 жылы туылған ер адамдар бас жарақаттарымен Доссор селолық ауруханасына қаралғаны жөнінде хабарлаған.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі барлық күдіктілер ұсталғанын хабарлады, бірақ қанша адам екенін айтпады.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, қазір жарақат алған жігіттің біреуі жабық бас ми жарақатымен ауруханада жатыр. Қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен (бұзақылық) тергеу басталған.
Айнұр САПАРОВА