Мемлекет модернизацияға қаражат іздеп жатқанда, коммуналдық қызметті төлемейтіндер елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысына нұқсан келтіріп жатыр, деп хабарлайды Energyprom.kz.
Қазақстандағы коммуналдық инфрақұрылымның тозуы бұрыннан келе жатқан жүйелі мәселе. Биылғы көктемде ҚР президенті еліміздегі жылу электр станцияларының жартысынан көбі қауіп аймағында тұрғанын, кейбір қалалардағы тозу деңгейі 80 пайыздан асқанын атап өткен болатын. Ел бойынша жылу желілерінің орташа тозуы шамамен 54%-ды құраса, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш 75%-дан 92%-ға дейін болды.
Бұл ретте, мемлекеттің күш-жігері мен табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) және оларды реттеуші органдардың іс-әрекеттерінен басқа, коммуналдық қызметтерді – энергия, жылу, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін тұтынушылардың адалдығы үлкен рөл атқаратынын түсінген жөн.
Бүгінгі таңда саладағы өте күрделі және шешімін таппаған мәселе - коммуналдық тұтынушылар арасындағы қарыздың көптігі. Қазақстандық тұтынушылардың үш айдан асатын ТМС алдындағы дебиторлық берешегінің жалпы көлемі 2023 жылғы 1 қазандағы ахуал бойынша 61,2 млрд теңгені құрады, оның 15,7 млрд теңгесі – тұрғындардың, 45,6 млрд теңгесі – кәсіпорындардың қарызы.
Атырау облысында 2023 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша тұтынушылардың коммуналдық кәсіпорындарға берешегі 960,4 млн теңге, оның ішінде тұрғындардың қарызы – 76,1 млн теңге (республикадағы ең төменгі көрсеткіш), заңды тұлғалардың – 884,3 млн теңге.
Өңір тұрғындарының қарызы былайша бөлінді:
- сумен жабдықтауға – 33,9 млн теңге;
- орталықтандырылған жылумен қамту – 29 млн теңге;
- су бұру (кәріз жүйесі) – 7,2 млн теңге;
- газбен қамту – 5,9 млн теңге.
Облыстық кәсіпорындардың қарызы былай бөлінеді:
- сумен жабдықтауға – 525,7 млн теңге;
- электр энергиясы – 170,6 млн теңге;
- орталықтандырылған жылумен қамту – 122,8 млн теңге;
- газбен жабдықтауға – 53,3 млн теңге;
- су бұру (кәріз жүйесі) – 11,9 млн теңге.
Бұл жай ғана цифр емес екенін ескерген жөн: коммуналдық сектор кәсіпорындары жоғалтқан қаражат инженерлік инфрақұрылымның жұмысынан көрінеді. Бұлар - жасалмаған жөндеулер, жаңартылмаған желілер және қажетті жаңғыртудан өтпеген жабдықтар. Үлкен сомаларды ескерсек, бұл ұсақ, байқалмайтын кемшіліктер емес, жүйелі мәселе болып отыр.
Коммуналдық сектордың проблемалары үшін жауапкершіліктің елеулі үлесі қызметті төлемейтін тұтынушылардың мойнында. Бұл жүйелі мәселе осы жылы пайда болған жоқ, ол жылдар бойы өзекті болып келе жатыр.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ