Иран президенті Ибрагим Раиси 8 қарашада Тәжікстанға ресми сапармен келді. Оның Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонмен кездесуі барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Атап айтқанда, көлік саласында өзара түсіністік меморандумы, еркін экономикалық аймақ құру, есірткіге қарсы күресте өзара ықпалдастық жөніндегі құжаттарға қол қойылған. Ең маңыздысы - екі ел арасындағы виза режимін алып тастауға келіскен.
Қазірге дейін екі ел арасында виза режимі күшінде болған және екі мемлекеттің азаматтарына Тәжікстан немесе Иранға бару үшін апталап виза күтулеріне тура келген.
Душанбе мен Тегеран арасындағы қатынас кейінгі он жылда суып кеткен. 2015 жылы Душанбе билігі Иранды Тәжікстан ислам жаңғыру партиясын қолдап, азаматтық соғыс отын тұтатуға атсалысып жатыр деп айыптаған.
Ал Иран ақпарат құралдары Тәжікстанды елінде өмір бойы түрме жазасына кесілген миллиардер Бабак Занджанидің ақшасын иеленіп алды деп айыптаған.
Тек соңғы жылдары ғана екі ел қатынасында жылылық пайда болды.