Атырауда облысындағы 8 елді мекенге су құбырын тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Суды үнемдеу, қауіпсіздігі мен оны пайдаланудағы тәуелсіздік» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиында Атырау облысы мен еліміздің батыс аймақтарындағы су мәселелері және оның алдын алу үшін атқарылуы тиіс жұмыстар туралы баяндамалар қорғалып, ой-пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Отырыста облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ қала және облыс бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатырған іс-шараларды айтып өтті.
«Облысымызда 153 елді мекен болса, соның 132-сі толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 21 елді мекеннің 8-де ауыз су тарату үшін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар Қызылқоға ауданының Аққора, Былқылдақты, Қоңыраулы, Сарықұмақ, Сарыкөл, Кенбай, Қоғам және Қоныстану ауылдары.
Жұмыстар жыл соңына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде. Ал 5 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, 2024 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олар Махамбет ауданының Бала Ораз, Өтешқали Атамбаев, Көздіқара, Кеңөріс ауылдары және Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылы.
Махамбет ауылдарына қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, Қошалақ ауылы үшін құжаттама дайындалуда.
Сондай-ақ, қазір қаламызда №5 су сүзгі станциясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. №6 сүзгі станциясының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл іс-шаралар қала мен облысымыздағы ауыз су мәселелерінің шешілуіне өзіндік үлесін қоспақ».
Сонымен қатар ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілеттің Атырау облысы бойынша өкілі және энергетикалық сарапшы Алмаз ӘБІЛДАЕВ баяндама жасап, тақырып аясында өз пікірін ұсынды:
«Бүгінгі «Суды үнемдеу, қауіпсіздігі мен оны пайдаланудағы тәуелсіздік» атты дөңгелек үстелде өңірімізде, жалпы елімізде өзекті мәселелердің біріне айналып отырған су тапшылығы бойынша жұмыстар қарастырылуда. Ауыз су, егінді алқаптарға судың жетіспеушілігі соңғы жылдары тіптен күрделеніп кетті. Сол себепті мұнда қоғам белсенділері мен жауапты сала мамандары және мемлекеттік қызметкерлер өз пікірлерін ортаға салып, мәселелер жан-жақты талқыланды. Осындай жиындар мемлекет пен қоғам арасында тығыз байланыс орнатып, оны нығайтуға үлкен мүмкіндік береді».
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА