Атырауда облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы - Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Atyrau Students Union» жобасы аясында студенттер арасында «StudFest-2023» атты гала-концерт өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен іс-шараға өңірдің 12 оқу орнында өткізілген студенттер фестивалдерінде белсенділік танытып, үздіктер қатарынан көрінген жастар қатысты.
«Жастар таңдауы – Атырау» ҚБ ұйымдастырушысы Ерболат БАЛАБАЕВТЫҢ айтуынша, фестиваль дәстүрі өзгерген, бұрын ол әр оқу орнының шеңберінде ғана өтетін. Бұл іс-шараларға облыстың жоғарғы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінен 200-ге тарта жас атсалысқан.
Мерекелік жиынға облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр СҮЙЕУОВА қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Ол өнерлі жастар мен оларға қолдау білдірген оқу орындарының басшыларына да ілтипатын білдіріп, Алғыс хат табыстады.
- Жастарымыздың басын бір арнаға тоғыстырып, олардың шығармашылығын дамытып, оқу орындары арасында достық пен ынтымақтастықты қалыптастыру біздің міндетіміз. Осы негізде жоспарланған жоба бүгінде әдемі кешпен жалғасын табуда. Жастар - тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі, әділетті Қазақстанды құрушы құрылысшылар десек, осы албырт жастарымызға үлкен сенім білдіруге болады. Олардың жауапкершіліктері мен саф өнерге деген қызығушылықтарының арқасында осы шара жүзеге асып отыр. Білім ордаларының басшыларына да үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл шара әлі де жалғасын табады деген ниеттеміз, - деді Г.Сүйеуова.
Фестиваль нәтижесінде, бас жүлде Атырау жоғары медициналық колледжіне табысталды. I орынды Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі иемденіп, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі II орынмен марапатталды. III орын Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің студенттеріне бұйырды.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ