Жылыой ауданындағы жолаушыларды тасымалдау қызметін атқарып отырған «БатысТехИнвест» ЖШС-нің қоғамдық көліктерінің қатары 23 автобуспен толықты, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінде автопарктегі көліктердің саны заманауи және соңғы үлгідегі, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландыруымен, «QаzTehna» ЖШС зауытынан шыққан Yutong ZK6852HG – 20 дана (23 орынды), туристік Yutong ZK6128H (53 орынды) – 3 дана автобусымен толықтырылып отыр. Аталған автокөліктердің жиырмасы Құлсары қаласының ішіне қатынауға бөлінсе, үшеуі кент және ауылдық округтердің арасына қатынайтын болады.
Олардың барлығы қауіпсіз метан табиғи газбен жүруге арналған. Көліктерді табыстау салтанатында аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ тұрғындарды құттықтап, бұл - аудандағы жолаушылар тасымалы қызметін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, «БатысТехИнвест» ЖШС 2019 жылы құрылған болатын. Қазіргі уақытта Құлсары қалаішілік 12 бағытта және ауылдық округ және кент бойынша 6 бағытта жолаушыларды тасымалдауда. Бүгінгі күнге дейін 10 бірлік «Анкай», 10 бірлік «Паз Вектор» және 19 «Газель Некст», 2 бірлік «Ютонг» маркалы автокөліктер қолданыста болған еді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды