Бұл туралы ҚР-ның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан ҚҰМАРҒАЛИЕВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, қаңтар және қыркүйек айлары аралығында құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылғы нәтижемен салыстырғанда 843,4 млрд теңгені құрап, 0,5%-ға ұлғайды.
- Көрсеткіштің ұлғаюының басты себебі - тұрғын емес ғимараттар құрылыстарын салу, сондай-ақ облыстың қала және аудандарында автомобиль жолдарын салу, сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстары есебінен болып отыр. Бұдан бөлек құрылыс-монтаж жұмыстары - 810,5 млрд тенгені құрап, 0,4%-ға және күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі 14,7%-ға өсті. Ал биылғы жол болсын, үй болын, басқа да ғимарат болсын жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша көрсеткіш 33,5%-ға азайып отыр. Жөндеу жұмыстары бойынша көрсеткіштердің өсіп, азаюуы қажеттілікке байланысты болып отыр,- деді Н.Құмарғалиев.
Әрі қарай, пайыздық көрсеткіштерге тоқталды. Негізінен ең көп үлесті, яғни 20,6%-ды ғимараттар құрылысын салу саласындағы жұмыстар құрайды. Ал тұрғын емес ғимараттарды салу саласы 78,2%-ды құрап, сәйкесінше тұрғын үй ғимараттарын салу бойынша жұмыстар 1,2%-ды алып отыр. Биыл обылыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемінің 51,4%-ын жеке және 48,6%-ын шетел құрылыс мекемелері орындаған.
- Өткен 9 айда тұрғын үй құрылысына 67 млрд 250 млн 200 мың теңге көлемінде инвестициялық қаржы бағытталды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға азайып, 494,1 мың шаршы метрді құрап отыр. Азаю себебі – жеке құрылыс салушылардың және халықпен пайдалануға берілген тұрғын үйлер көрсеткіштерінің төмендігіне байланысты. Оның ішінде 338,2 мың шаршы метрі - жеке үйлер және 137 мың шаршы метрі – көппәтерлі үйлер. Бұл саланың республикадағы үлесі – 4,2%. Тұрғын үйдің басым бөлігін, яғни 479,8 мың шаршы метрін немесе 97,1%-ын жеке құрылыс салушылар пайдалануға берген. Оның ішінде халықтың салымшы ретінде қаржысына салынып, пайдалануға берілгені 341 мың шаршы метрді құрайды, - деді департамент басшысы.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА