Атырауда «Yemaa» заманауи мәдениет орталығында жаңа «Еркін алаң» жобасы аясында «Қазіргі қазақ тілі» тақырыбында алғашқы кездесу өтті. Қазақ тілінің қазіргі күйі, оның тұрмыс, бизнес, өнер және музыка әлеміндегі ролін талқылауға Астанадан арнайы спикер де шақырылды. Ол - әлеуметтік желіде QazaqGrammar парақшасының негізін қалаушы Нұрсұлтан БАҒИДОЛЛА. Нұрсұлтан қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мысалдарын ұсынып, қызықты тәжірибесімен бөлісті.
Қонақ ретінде жастар арасында Jeltoksan деген лақап атпен белгілі атыраулық әнші, музыкант, өз әндерінің авторы Бексұлтан БАҒЫТЖАН да қатысып, қазақ тілінің музыка, шоу-бизнестегі алар орны жайында өзінің ойымен бөлісті.
Ол адам қай тілді қолданса, сол ұлттың ықпалында деген пікірде. Оның сөзінше, Ресейдің Қазақстанға экономикалық ықпалы басым болғасын, сол елдің тауарын, контентін көп тұтынғасын жергілікті халық сол елдің тілінде сөйлейді. Осыған байланысты қазақ тілін насихаттауды әр адам өзі бастау керек және ол оның өзінің еркі. Әнші қазақ тілді контент қолданып, қазақ тілді контент ұсынуға шақырып, контент тұтынған кезде не көріп, не оқып жатқанына адам мән беру керек екенін айтты.
- Біз мысалы ешкімге орысша музыка тыңдама деп тыйым сала алмаймыз. Олай етсек, кез келген жерде сенен «сынайсың ба, ұсын» деп сұрайды. Мен өз басым музыка жазамын және мәтіндері қазақша. Белгілі бір тыңдармандарым бар. Аз болса да сапалы аудитория деп есептеймін. Оларға қазақ тілді әндерім, музыка ұнап жатса, саналарына мен ұсынған қазақ тілді музыканы сіңіріп жатса, демек мен қазақ тілінің қолданылуына үлес қосып жатырмын, - дейді Jeltoksan.
Ал кездесудің бас қонағы Нұрсұлтан Бағидолла осыған дейінгі Қазақстан билігінің тіл саясатының қателіктерін тізді. Ол «Үш тұғырлы тіл саясаты», теледидардағы тілге қатысты «50/50 қағидатын» атап өтті. Жапонияда 12 жасқа дейін өзінің туған тілінен басқа тілді оқытпайтынын мысалға келтірген Нұрсұлтан «балаға өзге тілді санасына сіңіріп оқытпас бұрын әуелі өзінің ана тілін жақсылап меңгерту керек» екенін де сөз етті.
Ал 50/50 бойынша күндіз орыс тілінде хабар таратылып, қазақ тілді бағдарламалар түнде жүргені де есімізде. Нұрсұлтан келесі жылы қазақ тілі деп жариялау керек деген пікірде.
Қоғамда орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр ма?
Оның сөзінше, орыс тілінде 250 млн-нан астам адам сөйлей алады, сондықтан қысым көріп жатыр деген пікір қате.
Ол қазақ тілінің меңгеру деңгейін бағалау жүйесі саналатын QAZTEST тапсыруды міндеттеу керек деп есептейді.
«Мысалы, оқуға түсер алдында осы тестіні жақсы тапсырғандар грант алса», - дейді Нұрсұлтан.
Бұдан бөлек, көрнекі ақпарат тек қазақша, қызмет көрсету саласында амандасу, құжаттама толық қазақша болуы, балаларға және отбасылық көрсетілімге арналған фильмдердің бәрі қазақша дубляждалуы керек, басқа фильмдер түпнұсқада, бірақ қазақша субтитрмен жүргізілсе деген ұсынысын айтты.
«Меніңше 30 жылда әр қазақстандық дәретхана, дәріхана деген сөздерді біліп алды... Сондықтан «қазақшалау» қиын емес, - дейді Нұрсұлтан.
Ал халыққа ұсынысы мынау: «кез келген адамға тек қазақша сөйлеңіз, техниканы (ұялы телефон т.б.) қазақша қолданыңыз, әлеуметтік желіні қазақша жүргізіңіз, күнделікті сөздерді қазақша айтуға тырысыңыз, қазақша қызмет көрсетілуін талап етіңіз, балаңызды қазақша балабақша, мектепке беріңіз, құжатты толтырғанда қазақша нұсқасын талап етіңіз».
Контент демекші, Нұрсұлтан қазіргі уақытта IT, қаржылық сауат, өнер, поп-мәдениет, дизайн, ғылым тақырыптарында контент көбейсе деген тілек бар дейді. Бұған әжептәуір сұраныс бар.
«Ендеше неге оны халыққа ұсынбасқа? Бұл салаларда қазақ тілі қанағаттанарлық дәрежеге жетіп, өз тілімізде сөйлей бастағанда ғана нағыз Қазақстан деп сол кезде ғана айтуға болады, - деді Нұрсұлтан.
Жиналған жастар қол шапалақтап, қолдау білдірді.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор