Атырау, 26 қараша 15:38
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жолдағы шұңқырдан дөңгелектер бүлінсе, шығынын кім өтейді?

Сурет
1 451 просмотра

Қала орталығында көлігінің қос дөңгелегін қатар жол шұңқырына кесіп алған атыраулық жүргізуші, жолға жауаптылардан дөңгелектің құнын өтеп беруді сұрайды.

Әріптесім Халық ИБРАШЕВ өткен аптада кешкісін Балғымбаев көшесімен келе жатып, жолдың ортасында жаңбыр суынан білінбей жатқан шұңқырға екі бірдей дөңгелегін соғып, дөңгелек мүлдем пайдасыз болып қалған. Бір дөңгелегі 50 мың теңгеден жоғары тұрады, жүргізуші оның құнын өтеуді талап етіп отыр.

- Сол күні менің алдымдағы көлік те сол шұқырға түсіп бір дөңгелегін пайдасыз қылып алды. Ол артық дөңгелегін ауыстырып кетіп қалды. Ал мен көлігімді тастап кетуге мәжбүр болдым. Дегенмен оқиға орнына жол-патрульдік полицияны шақырып, арыз жаздым. Себебі мемлекетке салық төлеп отырғаннан кейін жолдың сапасына және менің бүлінген дөңгелектеріме ол жауапты болу керек деген ұстанымдамын, - дейді Халық.

Оқиға орнына келген полиция жүргізушінің шағымын тіркеп, оны жолға жауапты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолдаған.

Атырау қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас СӘРСЕНОВКЕ хабарластық. Ол мұндай жағдайда жүргізуші  автомобиль жолдары бөлімін сотқа бере алатындығын жеткізді. Ал облыстық соттың баспасөз қызметінен анықтағанымыздай, бұл мәселе бойынша мекемені сотқа беру бұған дейін болмаған.


Айта кетейік, мұндай жол шұңқырлары тек Балғымбаев көшесінде ғана емес, орталықтағы және қала маңындағы жолдардың көпшілігінде кездеседі. Көлікпен айналып өтпесе, дөңгелегіне зиян тигізетін бірнеше жол шұңқырларын «АЖ» тілшісі шолып шықты.  Бірқатар жолға тұрғындар өз күшімен циликат тастар төсеп қойған болса, кейбір жерлерде асфальттың қақ ортасында шөп өсіп кеткенін байқауға болады.

Қалалық әкімдік жолдың шұрқ-тесігін бітеу жұмыстары жоспарға сай жүзеге асып жатқандығын жеткізді:

- Қазіргі уақытта мердігер мекеме көлік ағыны көп жолдардың шұрқ-тесігін жамауда. Жоспар бойынша, бірінші кезекте қала орталығындағы жолдар жөнделеді. Сондай-ақ, жол шұңқырларын бітеу жөнінде 109 желісі арқылы да өтініштер қабылданады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

(Суреттерде: Балғымбаев көшесі, Исенов көшесі, Афаньасев көшесі, Молдағұлова көшесі, Құрманғалиев көшесі)

7 қараша 2023, 18:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.