Бірнеше күн бұрын түріктің Адам құқықтары және бостандықтары (IHH) гуманитарлық көмек қоры Палестинаға қолдау көрсету үшін Ыстанбұлдан жолға шыққан еді. Олар ұйымдастырған «Палестинаға еркіндік конвойы» қозғалысының мүшелері Аданадағы АҚШ-қа қарасты Инжирлик базасы алдында Израильдің Палестинаға жасаған шабуылына наразылық білдірді, деп хабарлайды Kazınform.
Түркияның әртүрлі провинциясынан келген үкіметтік емес ұйым өкілдері мен жай азаматтар АҚШ Әуе күштеріне қарасты 39-шы әуе базасы орналасқан Инжирлик қолбасшылығы алдында бас қосты.
Олар қолына Түркия мен Палестина туын ұстап, Израиль мен АҚШ-қа қарсы ұрандар айтып, наразылық білдірді.
Осы уақытта топтағы кей адамдар Инжирлик базасына кіруге тырысты. Олардың әрекетіне полиция тосқауыл қойды.
Сол жерде сөз сөйлеген «Адам құқықтары және бостандықтары» гуманитарлық көмек қоры төрағасы Бүлент Йылдырым Инжирликке не үшін келгендерін түсіндірді.
Оның айтуынша, осында келу арқылы Американы Израильге қолдау көрсетуден аулақ болуға шақырмақ болған.
«Ашуымыздың қаттылығы сонша, өзімізді ұстай алар емеспіз. Бірақ Түркия қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ислам әлемі бүкіл Еуропада, Америкада наразылығын көрсетіп жатыр. Бұл қарсылық әрі қарай күш алып, көбейе береді деп үміттенеміз», — деді ол.
Оның айтуынша, қозғалыс өз мәлімдемесін жасады. Америка мұны көрді және естіді.
«Енді митинг алаңынан үнсіз кетеміз. Олар келісімді қазір жасайды деп үміттенемін. Әйелдер мен балаларды соғыс алаңынан аман шығаруға тырысамыз», — деді ол.
Йылдырым Инжирлик базасына өзімен бірге келгендерден аймақтан кетуді сұрады.
«Біздің міндетіміз — жараланғандарды, әйелдер мен балаларды қауіпсіз жерге алып кету. Біз өз наразылығымызды білдірдік, ашуымызды көрсеттік. Бұдан бірдеңе шығады деп үміттенемін», — деді ол.
Митинг кезінде кей адамдар тас, бөтелке және отшашу лақтырып, Инжирлик базасына кірмек болды.
«Полицияға тас немесе басқа нәрсе лақтырғандардың бізге еш қатысы жоқ, бұл — ұят тірлік. Қазір бұл жерден кетпесеңдер, Түркия екіге бөлінеді. Түркия қазір полициясымен, әскерімен және бүкіл бөлімшелерімен бірге Газа жағында. Кетіңдер» - деді Йылдырым.
Полицейлер базаға кіргісі келгендерге су мен бұрыш газын шашып, тосқауыл қойды.
Осы мәлімдемеден кейін кей адамдар тарап кетсе, кейбірі базаға кіру әрекетін жалғастырды.
Еске сала кетейік, ертең Түркия астанасына АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келеді деп күтіліп отыр.