Атырау, 26 қараша 15:48
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Дау тудырған шлюз

Сурет Бейнежазба
2 215 просмотра

Жылыой ауданы Тұрғызба ауылының бір топ тұрғыны Құлсары қаласындағы мәдениет үйінің алдында Жем өзені бойына салынып жатқан шлюзге қарсы наразылықтарын білдірді.

Түсінікті болу үшін жағдайды баяндасақ, Тұрғызба (Жем округі) мен Шоқпартоғай (Қара Арна округі) ауылдары Жем өзенінің бойында орналасқан. Екі ауыл арасындағы арақашықтық Құлсары қаласы арқылы 30 км, ал тіке жолмен 3 км шамасындай. Екі ауыл арасындағы «араздық» су дауынан туындап отыр. Бұған дейін Жем өзенінің ағысы Тұрғызбаға дейін жеткен. Мамандардың айтуынша өзен деңгейінен 2 метр биікте орналасқан Шоқпартоғайға да бөгет салу арқылы жетіп жүр екен.

- Біз бөгеттің салынуына мүлдем қарсымыз, - дейді Тұрғызба тұрғындары. - Өзенді бөгеп тастағаннан кейбір шаруашылықтар судан зардап шегуде. Жергілікті әкімдік бұл дауды оң шеше алмай келеді.

Ал керісінше Шоқпартоғай шаруалары судың тапшылығын бастан кешіруде: малға жайылыс тарылып, кейбір шаруалар шаруа қожалықтарын жауып, көршілес Ақтөбе облысына көшіп жатыр екен.

- Шоқпартоғайға суды жеткізу үшін 1967 жылы Жем өзені бойына бөгет салып келеміз. Олай етпесек, округтегі 495 үй мен 58 шаруа қожалығына су жеткізу мүмкін емес. 80-90 шақырым жерде отырған шаруашылықтар малына суды көлікпен тасып беруде. Ал егіншілер үш жылдан бері су тапшылығынан егін егуді мүлдем қойды. Судың жетпестігінен «Қоскөл» көлі шіріп жатыр. Өзенге шлюз салмай, бұл тығырықтан шыға алмаймыз. Ойда орналасқан Тұрғызбаға өзен суы онсыз да жетіп тұр, олардың шу шығаратындай жөні жоқ, - дейді «Қара Арна» округінің әкімі Ерболат ЕЛЕУСІНОВ.

Әкім сөзін «Ащысай» ШҚ төрағасы Бақтығали ЖИЕНҚҰЛОВ (суретте) былай деп толықтырды:

- Бұрын аз да болса малға қажетті жемшөпті айналадан жинастырып алатынбыз. 2007 жылдан бері шабындықты ұмыттық, тырнап алар шөп қалмады. Биыл 240 шақырым қашықтықтағы Қызылқоға ауданынан 3 мың орам шөпті сатып алып отырмын. Қазір жаз жайлауым Ақтөбе облысына іргелес, 140 шақырымдағы «Аққұдық» деген жерде. Мен 1 гектар жайылыс жерді Ақтөбе облысынан жалға алып отырмын. Осыдан жерге суық түскенде Шоқпартоғай округінде орналасқан қыстаққа көшіп келемін. Себебі айналада малға су жоқ, қарды ерітіп береміз. Бұдан мал өсіру бола ма? Қосымша Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қопа селолық округінен «Байқошқар» ШҚ құрып алдым. Егер Жылыой ауданында жағдай осылай бола берсе шоқпартоғайлық шаруалар жан-жаққа бытырайды, - дейді шаруа қынжыла.

Өткен жылы Жылыой ауданы әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВПЕН  кезекті кездесуде Шоқпартоғай және Тұрғызба ауылдарының тұрғындары шлюз салу мәселесін көтерді. Сол кезде жиналғандардың басым көпшілігі бұл идеяны қолдаған болатын.

- Жақында басталған жұмыстарда 9 құбыры бар шлюз орнату қарастырылған. Бұл демеушілікпен қойылып жатыр, - дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА. - Шлюздің кілті аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде болады, сол жердің мамандары шлюзді ашып-жабуды реттеп отырады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА   

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

7 қараша 2023, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.