Атырауда облыстық білім басқармасы жанынан жасөспірімдерді психологиялық қолдау орталығы ашылады. Онда эмоционалдық тұрақсыздыққа тап болған балаларға әдістемелік қолдау көрсетіледі және арнайы call-center іске қосылады. Бұл туралы 4 қарашада өзінің әлеуметтік парақшасында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ хабарлады.
Ол жасөспірімдердің өзіне қол салуға ұмтылу әрекетінің, соның ішінде қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалардың екі есе артқанын келтіреді. Жыл басынан бері 38 бала өзіне қол салмақ болған.
- Жақында 14 жастағы қыз бала көп қабатты үйден, ал 15 жастағы ұл бала көпірден секіріп кетті. Көз жұмған балалардың басым бөлігі толық, әл-ауқатты отбасыларынан. Алайда біз жүргізген зерттеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен сезге келіспей қалған өтпелі кезеңде жүрген балалар бейім екен, - деп жазады Ж.Бисембиев.
Ол ата-аналарды балаларымен мейілінше ашық сөйлесуге, олармен көбірек уақыт еткізіп, сырлас досқа айналуға үндейді. Ал билік тарапынан мектеп психологтарының баламен жұмысын күшейтуге уәде береді.
Айнұр САПАРОВА