Атырау облысы бойынша экология департаменті «Karabatan Utility Solutions» ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің баспасөз қызметі.
Тексеру барысында экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген СО2 шығарындыларына квота көлемі 35 482 тонна болған кезде кәсіпорын шығарындыларының нақты көлемі 743 105,874 тоннаны құрағаны анықталды.
Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС белгіленген (бөлінген) квота көлемінен көміртегі мөлшерін аса көп шығаратын қондырғыны пайдалануды жүзеге асырды. Осы факті бойынша департамент акт жасап, заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берді.
Бұдан басқа, ҚР ӘҚБтК-нің 329-бабында (« Парниктік газдар шығарындыларына квотаның белгіленген және қосымша алынған көлемінен асып кету») көзделген әкімшілік іс қозғалды. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен кәсіпорын 7 млрд теңге айыппұл мөлшерінде әкімшілік жазаға тартылды. Айыппұл толығымен мемлекет кірісіне өндіріп алынды.