Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласқан Атырау тұрғыны шеберге өз жұмысын қайта жасатып алды.
Атырау тұрғыны жаңа пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өзіне душ кабинасын орнатпақ болған. Ұзақ ойланбастан Instagram әлеуметтік желісінен лайықты шеберді тауып алып, ол орнатып берген.
Бірақ үйге көшіп келгенде үй иесі орындаушының жұмысты сапасыз жасағанын түсінеді: душ кабинасы қисық орнатылған және т.б. Орындаушыға хабарласады, ол бәрін жөндеп беруге уәде бергенімен, ештеңе жасалмайды.
Сол кезде қала тұрғыны сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласады. Оған және салғырттық танытқан орындаушыға құқықтары мен міндеттері, атап айтқанда, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 7-бабының 8-тармақшасы және 35-бабының 1, 2-тармақтары түсіндірілді:
- Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге құқылы;
- Тұтынушы орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшілік табылған кезде өз таңдауы бойынша орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді өтеусіз жоюды талап етуге құқылы;
- Егер орындаушы орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса не егер жұмыста (көрсетілетін қызметте) шарт талаптарынан ауытқу немесе жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) өзге де кемшіліктер айтарлықтай және жойылмайтындай болса, тұтынушы шартты бұзуға және залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Нәтижесінде орындаушы кемшіліктерді түзеткен.
Тұтынушылар құқықтары бұзылған жағдайда кеңес алу үшін Атырау тұрғындары Әбілқайырхан даңғылы, 79 («Көрме орталығының» ғимараты, 2-қабат) мекенжайы бойынша: 8 (7122) 52-03-91, 52-07-83 немесе Е-Otinish платформасы арқылы хабарласа алады.
Жомарт ӘМІРХАНОВ