«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) газ-химия кешені полипропиленнің жаңа маркасын өндіруді бастады. Полипропиленнің PP H031 BF/7 деп аталатын түрі биаксиалды пленканы өндіруге арналған. Одан еліміз бен Еуропада тамақ өнімдері мен күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарларға арналған полимерлі пленка қаптамаларын, этикеткаларды және скоч таспасын өндіреді, деп хабарлайды kmg.kz.
BOPP пленкасы жоғары тосқауылдық қасиетке ие, төзімді және адам денсаулығына зиянсыз. Сондай-ақ, полипропиленнің PP H031 BF/7 маркасынан фото суреттердің сыртын қаптайтын, кеңсе тауарлары мен гүлдерді орауға арналған пленкалар жасалады. Мамандар жаңа марканың күрделі процесстен өткенін, сапасы жоғары екенін айтады.
«Біз өндіріп жатқан PP H031 маркасы еліміз бен шетелде жоғары сұранысқа ие. Тығыз, сапалы. Өнім жергілікті компаниялардың қажеттілігін толық өтеп, импортқа тәуелділігін жоюға мүмкіндік береді. Жаңа марканы әзірлеуде өндіріс қызметкерлерінің еңбегі зор екенін атап өткен жөн», — дейді өндіріс басшысы Болат Абдуалиев.
Бір аптада Атыраудағы кешен жаңа марканың 1000 тоннасын өндірді. Айта кетейік, КРІ зауыты бұған дейін ПП Н 030, ПП Н 120 маркаларын өндірген еді. Бүгінде дайын өнім Қазақстаннан бөлек, Түркия, Қытай, Еуропа және Ресейге жөнелтіліп жатыр.