Атырау облысында әулетімен мұнай саласында еңбек етіп келе жатқан отбасы тұрады, деп хабарлайды 31 арна.
Өңірге танымал Бешимовтар әулетінің еңбек жолы осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын басталған. Бұл әулеттегі алғашқы мұнайшы – Бешім ҚЫЗЫЛБАСОВ. 1926 жылы ол далада жер бетіне шығып жатқан мұнайды тапқан. Өзінің еңбегі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі үшін ол қоғамда танымал болды. Әке жолын жалғастырған Наурызғали БЕШІМОВ те саналы ғұмырын мұнай саласына арнады.
Наурызғали Бешімов, ардагер мұнайшы:
– Әкем қайтыс болғаннан кейін Комсомольское ауылында слесарь болып жұмыс істедім. Бір-екі жылдан кейін Мәскеуге барып, институтқа түстім. Әкем сияқты мұнайшы болдым. Еңбек жолымды 1958 жылы Қосшағыл кен орнында операторлықтан бастадым, кейін басқа мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс істедім.
Үлкен ұлы Сатыбалды БЕШІМОВ мұнай саласында 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Зейнетке шығуына аз уақыт қалды. Қазір ол өз білгенін ұлымен бөліседі.
Сатыбалды Бешімов, мұнайшы:
– Бізде болашақта кім боламыз деген сауал болған жоқ. Әкеміз жастайымыздан мұнайшы болатынымызды айтатын. Мен қазір мұнайшы мамандығымен еңбек етіп келе жатқан үшінші буын ұрпағымын. Төрт балам бар. Олар да осы салада жұмыс істейді.
Наурызғали Бешімовтің немересі Асылжан да бұл жолды абыроймен жалғастыруда.
Асылжан НАУРЫЗҒАЛИЕВ, мұнайшы:
- Мұнай саласында жұмыс жасағаныма 10 жыл, 17 жасымда бастадым. Өзіме ұнайды. Болашақта балаларым да мұнайшы болады деп ойлаймын.
Адал еңбекпен тапқаның суға батпайды, отқа күймейді деген сөз бар. Сондықтан, Бешимовтар отбасында игілікті іс туралы білім мен еңбек дағдысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ