Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында ағымдағы жылдың 3-ші наурызынан бастап 70 мың өтініш келіп түскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан БІРЖАНОВ мәлім етті.
- 6400 адам банкрот деп танылды, берешек сомасы 9 млрд теңгені құрады. 3500 азаматтың қарызды қайтару мерзімі 5 жылдан асқан. 3500 адамның проблемалық қарызын азайттық. Банкрот деп танылған азаматтардың 645-і – адрестік әлеуметтік көмек алатындар, - деп хабарлады вице-министр.
Сондай-ақ қаржы вице-министрі банкрот деп танылған қазақстандықтар қай өңірлердің тұрғындары екені туралы да мәліметті келтіре кетті.
- Ең көп банкрот деп танылған азаматтар Алматы облысы бойынша – 801 адам, екінші кезекте – бұл Жамбыл облысы – 677 адам және де үштікті Алматы қаласының тұрғындары қорытындылайды – бұл 606 адам. Ең аз банкрот деп танылған азаматтар – Ұлытау облысында тұрады, онда 41 адам банкрот деп танылды, екінші кезекте Солтүстік Қазақстан – 114 адам және де Батыс Қазақстан – 127 адам банкрот деп танылды, - деп тізіп шықты спикер.
Қаржы вице-министрі қазақстандықтардың өз берешектерінің көлемі туралы ақпаратты қадағаламайтындарын жеткізді.
- Банкроттық процесін іске асыру кезінде байқағанымыз, көп азамат өзінің қарыз сомаларын толыққанды білмейді немесе арызда дұрыс көрсетпейді. Мысалы, Атырау қаласының тұрғыны өзінде 8 млрд теңге қарызы бар деп арызында көрсеткен. Бірақ біз барлық қаржылық ұйымдардан мәлімет жинағанда нақты қарызы 1 млн 380 мың теңгені құрады. Немесе басқа мысал, Қызылорда облысының тұрғыны өзінің қарызын 1300 теңге деп көрсетті. Бірақ қаржылық ұйымдардың деректеріне жүгінсек, ол 1 млн 100 теңгені құрады. Сондықтан деректердің қайшылығын болдырмау үшін болашақта арыз бергенде нақты соманы көрсетпей, деректерді мемлекеттік кредиттік бюродан жинай аламыз. Сондай өзгерістер енгізгелі жатырмыз, - деп бөлісті Е.Біржанов.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ