Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев, қалалық және аудандық бөлім басшылары мен медициналық ұйым директорлары қатысты.
Алғаш баяндама жасаған «КазМедПроект» ЖШС маманы Ерик Шонбаев облыстың денсаулық сақтау саласы бойынша өзекті деген мәселелерін атап өтті.
- Қазіргі таңда өзекті деген екі мәселе бар. Біріншісі, сала бойынша кадр жетіспеушілігі. Бұл тұрғыда жүйелік жұмыстарды жетілдіруді ұсынамын. Екінші өзекті мәселе, жол-көлік апаттарынан болатын өлім оқиғаларының көбеюі. 70 пайыз өлім жедел жәрдем келуіне дейін орын алып жатыр. Бұл тұрғыда бірқатар шараларды қолға алып, жеделділікті аттыруымыз керек, - деді Е.Шонбаев.
Кезекті баяндама жасаған облыстық Денсаулық саақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова, облыс бойынша өлім санының төмендегенін алға тартты.
- 100 000 тұрғынға шаққанда өткен жылы жалпы өлім 3,9 пайыз болса, биыл 3.5 пайызға, нәресте өлімі 9 пайыздан 7,4 пайызға төмендеп отыр. Аймақта табиғи өсім тұрақты. Жүкті әйелдерге амбулаториялық деңгей қызметі мен жалпы скрингті тексеріс көрсеткіші Құрманғазы, Исатай аудандық ауруханаларында салыстырмалы кестеде төменгі көрсеткіш көрсетуде. Аудандық Денсаулық сақтау басқармасы басшыларына міндетті тапсырмаларды жүктейтін боламыз,- деді А.Әбілова.
Жыл басынан бері атылған сала бойынша келіп түсетін шағымдар мен қоңыраулар саны әркелкі. Тиісті медициналық көмектің берілмеуі бойынша былтыр 123 шағым түссе, биылғы 9 айлық көрсеткіш бойынша 153-ке артқан. Алайда, жедел жәрдемнің уақтылы келмеуі бойынша өткен жылы 64 шағым айтылса, биыл мұндай шағыммен колл-орталыққа 8 қоңырау келіп түскен.
Өңірде қызылша ауруы белең алып отыр. Бұл туралы №2 Атырау облыстық ауруханасы директоры Надя Ерғалиева өз баяндамасында атап өтті. Тез жұғу қаупі бар аурудың өршу себебі - вакцинадан бас тартушылардың көптігі екен.
- Осы жылдың тамыз айында 45 қызылша ауруы тіркелсе, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 201-ге артып отыр. Қызылша диагнозымен былтыр 2 оқиға тіркелген болатын. Биыл 9 айлық көрсеткіші бойынша 444 ауру жұқтырғандар тіркелді. Қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өз аяқтарымен келуде. Бұл өрескел қателік. Жұқпалы ауруды жұқтырған азаматтар үйінде оқшауланып немесе ауруханаға жедел жәрдем арқылы жеткізілуі тиіс. Аудандық бөлім басшылары халықты ауру бойынша толық ақпараттандырып, алдын-алу жұмыстарын жіті қадағалауы керек,- деді Н.Ерғалиева.
Баяндамаларды толық тыңдаған аймақ басшысының орынбасары облыстық басқарма басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қызмет көрсеткіші төмен аудандардың бөлім басшыларын сынға алып, жүктелген міндетті орындай алмаса, орындарын босатуларын талап етті.
- Қызылшамен күрес әлі де шикі. Аудандық көрсеткіштер көңіл қуантпайды. Халықты ақпараттандыру аз. Бұқара әлі бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін сезінбеуде. Мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысына жүйелі тапсырмалар тапсырамын. Қызылша ауруымен күрес бойынша арнайы коммиссия құрылып, жағдайды толық бақылауға алуымыз керек. Кезінде короновирусты бірігіп ауыздықтадық. Дәл сондай ауызбіршілікті осы уақытта тағы да көргім келеді,- деді Ж.Бисембиев.
Алқа отырысында бөлім басшылары бірқатар мәселелермен бөлісті. Медицина қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмекті көбейту шараларыда талқыланды. Аймақ басшысының орынбасары күн тәртібінен түспейтін іс-шаралардың деңгейін арттырып, әр бөлім басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
ӨКҚ жолдаған суреттер