Атырау, 26 қараша 17:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

БҰҰДБ Атыраудағы жарық жүйесін жаңғыртуда

665 просмотра

2023 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен қаланың жаңа ықшамаудандарының 22 көшесіне 460-тан астам жаңа шамдар орнатылып, 15 шақырымнан астам көшелерді жарықтандыру желілері тартылды.

Қазір Атырауда көшелерді жарықтандыру жүйесі жаңғыртылуда, оның мақсаты – қаланың қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын арттыру. Қаладағы жарықтандыру жүйесі көптеген функцияны орындайды: жылулық пен жайлылық тудырады, ландшафттың сұлулығын, сәулет бөлшектерін айқындап көрсетеді. Дегенмен, оның басты рөлі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Көшелерде жарықтың жеткіліксіз болуы жолдар мен тротуарларда қауіпті арттырады. Сапалы жарықтандыру, керісінше, қала тұрғындарының өмірін жайлы етіп, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларын азайтып, қаланы жергілікті тұрғындар мен туристер үшін тартымды қылады.

Атырау тұрғындары көшенің жақсы жарықтандырылуы балаларының қауіпсіздік кепілі екеніне сенімді. Модернизацияның артықшлығын көріп үлгерген қала іргесіндегі Тасқала ауылының тұрғыны Айнұр ЖҰМАБАЕВАНЫҢ да пікірі осындай. Бұл ауылдың барлығы 4 мыңға жуық тұрғыны жарықтандыру жүйесін жаңартудың игілігін көрді.

– Жаңа жарық жүйесі біздің өмірімізді айтарлықтай жақсартты. Қыста қызыммен көше бойымен таңда және кешке қараңғылықта айнала иттер үріп, мектепке жаяу барып келудің өзі өте қауіпті еді. Енді көше шамдары мектепке апаратын жолды жарық қылып тұр, енді қызымды жалғыз жібере аламын, - дейді Айнұр.

Биыл Атыраудың жаңа аудандарында 22 көшеге 460-тан астам заманауи шамдар орнатылып, 15 мың метрден астам көше жарықтандыру желілері тартылды. Қазір тұрғын үйлер де, қоғамдық нысандар да: мектептер, ауруханалар, сауда орталықтары, спорт нысандары және т.б. жақсы жарықтандырылған.

Сол ауылдағы жеке үйде тұратын Ренат ҚАЙРОШЕВ жеке тұрғын үй құрылысы басым аудандар үшін тартылған жаңа жарық жүйесі адамдар мен үй жануарларының қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Көшелерді жарығын модернизациялау және салу - Қазақстанның тұрақты қалаларына БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бастамалары аясындағы энергия үнемдеу шараларын енгізу бастамаларының бірі. Бұл бастаманы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Индустрия және құрылыс министрлігімен серіктесіп және Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен жүзеге асырып отыр. Осы бастама аясында шағын және орта бизнесті ауаға көміртек шығарындылары аз тасталатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететін арнайы қаржы құралдары әзірленді.

Энергия үнемдеу шаралары Теміртау және Астана қалаларындағы көппәтерлі үйлердің энергия тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Қызылорда облысы Шиелі қаласындағы тоғыз мектептің жылу жүйелерін жаңғыртуды қамтыды.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда барлығы 45-тен астам «жасыл» жоба қаржылық қолдауға ие болды. Іске асырылған бастамалардың нәтижелері БҰҰДБ-ның қаржылық қолдауының әрбір теңгесі жеке сектордан алты теңгеге жуық инвестиция тартатынын көрсетті. Нәтижесінде коммуналдық қызметтерді үнемдеу 40%-ға дейін құрады, бұл кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге экологиялық жауапкершілікті арттыра отырып, экономикалық тиімділікті жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ

1 қараша 2023, 12:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.