21 қазанда электр қуатының іркілісінен Қызылқоға ауданы Миялы ауылының Ы. Алтынсарин көшесі тұрғындарының бүкіл электр техникалары жанып кеткен. Бірнеше күннен кейін, 26 қазанда сол көшеде үй түгелімен өртеніп кеткен.
«Енді көктемге дейін сарай үйімізге айналды»
«Үйімнен ештеңе қалмады», - дейді зардап шегуші Қарлығаш ӨТЕГЕНОВА. – Бұл үйді қанша жыл салдық. Қаншама несие алып, қарызданып тұрғызған едік, оны әлі төлеп жатырмыз. Енем бар қолымызда, екі балам бар, жолдасым аудандық мұражайда сантехник, ал өзім поштада курьер болып жұмыс жасаймын. Аз ғана малымыз бар. Жаңа баспанамызға бес жыл ғана қоныстандық. Ең сорақысы, баспанамыздан айрылып күйзелісте тұрғанымызда «Атырау Жарық» АҚ Қызылқоға аудандық филиалының қызметкерлері берген құжатқа «талабымыз жоқ» деп жазып беріппіз. Неге талап болмасын, үйсіз тентіреп қалу оңай деймісің. Қазір 20 мың теңгеге сарай жалдап тұрып жатырмыз. Сәуір айында босатып беруіміз керек. Әрі қарай қалай және қайда тұратынымызды блмеймін».
Аудандық мәслихат депутаты Есенбай НҰРОВТЫҢ айтуынша, тағы да зардап шеккендер бар: 20 отбасы бір мезетте үйлеріндегі бүкіл техникадан айырылған.
«Өрттен зардап шеккендердің бәрі де Алтынсарин көшесінде тұрады, – дейді Е.Нұров. - Мен сол жерде «Атырау-Жарық» АҚ Қызылқоға аудандық бөлімшесіне хабарласқанымда, олар үй ішіндегі жабдықтың жанып жарамсыз болуына жауапты емесін айтты. Ал зардап шегушілердің бәрі бірауыздан электр қуаты бір өшіп, бір жанып, содан кейін бүкіл техниканың өртеніп кеткенін айтты. 26 қазанда өрттен зардап шеккендердің отбасы 21 қазанда болған электр тогы іркілісінің салдарын жою үшін монтерлар бригадасын шақырған. Олар жұмыс істеп жатқан кезде үйде өрт шыққан. Алдымен шатыр өртеніп, өрт тез таралып, бүкіл үйді шарпыған. 75 жастағы әжейді шығарып үлгерген. Үй иелері, менің ойымша, бұл жағдайға «Атырау Жарық» АҚ-ның монтерларын негізді кінәлап отыр".
Анықталғандай, 27 қазан күні аудандық мәслихат депутаты Е.Нұров, қоғамдық Кеңес мүшелері Айжан ІЗІМОВА, Мәлік ЖҰМАЛИЕВ және Миялы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мақсат ТӨКЕНОВ болып, үйлері өртенген Жәнібек ЕРТІЛЕСОВ пен әйелі Қ.Өтегенованың отбасында болып, жағдайымен танысқан. Е. Нұров Алтынсарин көшесіндегі электр бағаналарының 1974 жылдан бері жөндеу көрмегендіктен қисайып тұрғанын сынға алды. Округ әкімі зардап шегуші отбасы далада қалмайтынын жеткізген болатын.
Өз кезегінде «Ақ Жайық» газетінің редакциясы «Атырау Жарық» АҚ-на сауал жолдады. Олардан мынадай жауап келді:
«26 қазан күні «Бейсеу» ықшам ауданының тұрғыны Ж.Ертілесов кезекшіге 14.35-те хабарласып, үйінде жарық бірде жанып, бірде өшіп тұрғанын хабарлаған. Бригада барғанда үйінің жарығы жанып тұрған. Үй иесі 21 қазанда ток күшейгенде екі бөлмесінде жарық жоғын айтқан екен. Ішкі токты қарамайтынын ескерткен жігіттерге қарт анасы шығып жалғап беруін өтініпті. Тарату қорабын ашқан сәтте үйдің төбесі тұтанып кеткен, 32 амперлік автомат айырмаған. Төбе құрғақ шөппен жабылған. Ж. Ертілесов бригадаға талабы жоқтығын өз қолымен жазып берді».
Залал өтелмейді
Жауапта анықталғандай, 30 қазан күні «Атырау-Жарық» АҚ президенті М. ГУБАШЕВ бастаған комиссия құрылып, Миялы аудан әкімшілігінде тұрғындармен кездесті. Онда ықшам ауданның 0,4 кВ әуе желісін жөндеп, АС маркалы сымдарын СИП-4х50 проводына ауыстыратынын айтып, тұрғындармен ортақ келісімге келді.
Алайда тұрғындармен кездесуде АҚ зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу жөнінде бір ауыз сөз айтпады. Аудан тұрғындарының бір-біріне көмектесуден басқа амалы қалмады. Көршілер бұл жағдайдан ең көп зардап шеккен Ертілесовтер отбасы үшін бүкіл ауыл болып қаржы жинауға кірісіп, бұған Атырау тұрғындарын да қатысуға шақырды.
Kaspi нөмірі 8 (775) 816 18 41, Қ.Өтегеноваға тиесілі, оның келісімімен жарияланып отыр.
«Атырау Жарық» АҚ өз кезегінде апат болған көшедегі желілер 2024 жылы жөнделетінін хабарлады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Алтынсарин көшесі тұрғындары ұсынған суреттер