30 қазанда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінде «Күз-2023» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Сарбаз өміріндегі айтулы шараға қала әкімінің орынбасары Нұржан ЕРМҰХАНОВ, Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері және сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Анықталғандай, осы күзде бізге еліміздің барлық өңірінен жасақталған 150-ге жуық сарбаз келді. Олар үшін департамет құрамындағы «арнаулы ұтқыр іс-қимылдар» тобының ұйымдастыруымен жауынгерлік ұрыстағы жаттығулар мен музыкалық номерлер қойылды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, Шекара қызметінің басшылығы облысымыздан әскерге шақырылғандарды өз өңірінде қызмет ету үшін қалдыру туралы шешім қабылдады.
Айтпақшы, ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департаментінде жергілікті азаматтар қызмет етеді. Әскерге шақырылған күннен бастап олар Атырау қаласындағы оқу-жаттығу орталығында 3 ай қызмет етеді. Содан кейін кейін бөлу бойынша Исатай, Құрманғазы аудандарында орналасқан шекара бөлімдеріне жіберіледі, кейбірі мерзімді әскери қызмет өткеруді департаментте жалғастырады.
- Демалыс және мереке күндері үздік сарбаздар үйлеріне жіберіледі. Мемлекеттік және ұлттық мереке күндері сарбаз ата-аналарымен бірлескен шаралар ұйымдастырылып тұрады. Біз сарбаздарды алғашқылардың бірі болып, Шекара қызметіне шақырамыз. Егер кімде кім өз өңірінде әскери борышын өтегісі келсе, келесі шақыру көктемде басталатынын еске саламыз, - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Бауыржан ҚОЖАНТАЙ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді Шекара қызметінің Атырау облыстық филиалы жолдады