Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы-алдын алу жұмыстарын қараша айының бірінші онкүндігінде аяқтау жоспарланып отыр және сол мерзімде зауыт толық жобалық қуатына шығады. Бұл туралы «AМӨЗ» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады. Баспасөз хабарламасында каталитикалық крекинг қондырғысының мерзімінен бұрын іске қосылғаны да атап өтілген.
«Мамандандырылған ұйымдардың қарқынды жұмылдырылуы және зауыттың профильді қызметтерінің жіті бақылауы нәтижесінде 29 қазанда каталитикалық крекинг қондырғысы тұрақты жұмыс режиміне шығарылды, бұл сұйытылған мұнай газын (СМГ) өндіруді қайта бастауға және дизель отыны өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Қалған технологиялық қондырғыларда да жоспарлы-алдын ала тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режимге шығару жоспарланып отыр», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұған дейін 21 қазанда технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі іске қосылғаны хабарланған болатын. Мұнай өңдеудің тәуліктік көлемі 9500 тоннаны құрайды, тауарлық өнімді: автобензинді тәулігіне 1200 тонна, дизельдік отынды тәулігіне 1500 тонна өндіру басталды.
«Бүгінгі күні профилактикалық жөндеу жұмыстары басталғалы жабдықтарды тазарту, пештер мен реакторларды төсеу, тозығы жеткен жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонна жабдықтарының ішкі құрылғыларын өзгерту және т.б. жұмыстар орындалды. Қысыммен жұмыс істейтін құрылғыларды тексеру, инспекциялау және сынау жалғасуда», - делінген хабарламада.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
АМӨЗ ұсынған сурет