Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат ЖОЛДИЕВ апатты деп таңылған Стаханов, 3 А тұрғындарына жаңа үйдің кілтін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.
- 1950 жылы салынған Стаханов, 3 А апатты үй тізіміне тіркеліп, жол картасы бекітілді. Міне, бүгін сол 8 пәтердің иелеріне қалалық бюджеттен «Модерн» жеке тұрғын үй кешенінен үй сатып алып, кілтін табыстадық. Жыл соңына дейін апатты деп танылған қосымша 3 тұрғын үй (42 пәтер) жаңа баспанаға көшіріледі, - деді Р.Жолдиев.
Жаңа пәтер иелерінің бірі Ирина ГАЛИЧ өз қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.
- Бүгін көптен күткен қуанышты жаңалық - жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. Бұл пәтерді көп күттік. Екі қабатты ескі үйде тұрған әр күніміз уайым еді. Міне, бүгін облыс және қала әкімдеріне алғыс айтамын, барша үйге мұқтаж адамдар жаңа пәтерге ие болсын деп тілек айтқым келеді.
Айта кетейік, бүгінгі күні Атырау қаласында 82 апатты тұрғын үй бар. Ал оларды көшіру жұмыстары жоспарға сай жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, ескі, апатты жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарын жаңа баспанаға көшіру жұмыстары өткен жылы іске қосылған «Атырау қаласының тұрғын үй қорын жаңғыртудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, 2026 жылға дейін 236 ескі үйді (үш мыңнан астам пәтер) бұзу жоспарланып отыр.
Өткен жылы бұл үйлердің алдын ала тізімін «AЖ» жариялады. Бұл 40-50-60 жылдары салынған және дені Баймұханов, Датов, Әуезов көшелері мен Азаттық даңғылының бойында орналасқан ескі үйлер. Оның ішінде жүз үй екі қатарлы.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
қала әкімдігі ұсынған сурет