Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде әскери кафедраның 160 түлегіне алғашқы әскери шендері берілді, деп хабарлайды Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.
Әскери кафедраның түлектері емтихан тапсырып, әскери оқу-жиын дайындығынан өтті, содан кейін салтанатты жағдайда оларға алғашқы әскери шендері табыс етілді. Салтанатты шараға әскери прокуратурадан, қорғаныс істері жөніндегі департаменттен меймандар және Қарулы Күштердің ардагерлері шақырылды.
Бүгінде 92 студент запастағы лейтенант, тағы 68 студент запастағы сержант атанды. Келешекте олар келісімшартқа отырып, ҚР Қарулы Күштерінде түрлі бөлімшелердің командирі мен сержанты болып қызмет ете алады. Студенттер әскери кафедрада оқып жүргенде әскери ғылым, тактика, оқ ату, дене шынықтыру және әскери дайындықтың көптеген қырлары бойынша қарқынды дайындықтан өтті. Барлық түлек пәндерді «жақсы» және «өте жақсы» деген бағамен меңгерді.
Университет жанынан әскери кафедра 2016 жылы ашылды. Мұнда студенттер офицер шенін алу үшін 2 жыл, сержант шенін алу үшін 1 жыл оқиды. Бұл кафедраға басқа факультеттердің студенттері де оқуға түсіп, мамандығымен қатар бастапқы әскери шен ала алады. Құрылған 7 жыл ішінде әскери кафедраны 634 түлек бітірді, оның 520-сы запастағы лейтенант, 114-і запастағы сержант.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ