Биыл жыл басынан бері Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 630 арыз келіп түскен. Бұл туралы департамент басшысы Алем УАЛИЕВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның ішінде жазбаша 364, телеграм-бот арқылы 104, басшы және мамандардың қабылдауымен 109, сондай-ақ жедел желі арқылы 53 арыз түсіп отыр. Түскен арыздар қаралып, тұтынушылар тарапынан туындаған наразылыққа заңгерлік көмек көрсетіліп, әртүрлі сауда нүктелерінен заңсыз алынған жалпы сомасы 21 млн теңгені құрайтын қаражат тұтынушыға кері қайтарылды.
- Жалпы тексеру нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 6 «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар қысқартылған тәртіппен 2 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 138 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ айта кету керек, салынған айыппұлдардың барлығы мемлекет пайдасына өндірілді, - деді А.Уалиев.
Арыздарды қарау барысында 366 арыз қанағаттандырылып, 180 арызға жазбаша түсінік берілді. Сондай-ақ 63 арыз тиісті мемлекеттік органдарға қайта жолданып, 21 арыз өтініш иесімен кері қайтарылып алынды. Сонымен қатар 8 жоспардан тыс тексеріс тағайындалғаны жөнінде департамент басшысы айтып өтті.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ