«Қазтрансойл» АҚ еншілес кәсіпорны «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбырын модернизациялау аясында гидравликалық сынақ жұмыстарын бастады деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметі.
«Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын реконструкциялау және кеңейту, 1-кезең» жобасының шеңберінде «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС (қатысу үлесі 100% «ҚазТрансОйл» АҚ-на тиесілі) құбырдың екі учаскесі- ұзындығы шамамен 176 км: 56-207 км учаскесі (Ақкөл – Аққыстау е.м.) және 648-667 км учаскесін (Бейнеу е.м. айналма жолы) салып жатыр. Ұзындығы 177 шақырымның 165 шақырымын құрайтын трассада дәнекерлеу-монтаждау жұмыстары аяқталды. Гидравликалық сынақтар 56-109 км және 109-159,7 км учаскелерінде сәтті аяқталды. 159,7-207 шақырым учаскесінде гидравликалық сынаққа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаны жүзеге асыру «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырының өткізу қабілетін 2024 жылы тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Еділ суының үздіксіз таралуына Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан мұнай-газ өндіру және өнеркәсіптік кәсіпорындардың, мұнай-химия өндірісі жобаларының жұмысы мен дамуы тәуелді болып отыр. Сонымен қатар, «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбыры - Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарының тұтынушыларын сумен жабдықтаудың жалғыз орталықтандырылған көзі. Жыл сайын халықтың су тұтынуы 4-5 пайызға артып келеді.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ