28 қазан күні Атырауда Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылып, республикалық “Шахмат керуені” жобасы аясында блиц-турнирдің жартылай финалы өтті. Сол күні Сұлтан Бейбарыс алаңында жоспарланған мерекелік шаралар Қарағанды шахтасындағы қайғылы жағдайға байланысты болмайтыны хабарланды. Шараны ұйымдастырушылар - Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері апатта қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты.
Бірақ турнир алаңда тігілген арнайы киіз үйде өтті.
Ойын соңында жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
16 жасқа дейінгі жастар арасында үздік ойын көрсеткені үшін Олжас ӘЛИМАНСҰР мен 50 жастан жоғары қатысушылар арасында үздік ойын көрсеткені үшін Серікқали ДӘУЛЕТЬЯРОВҚА 30 мың теңгеден сертификат табыс етілді. 3-орын үшін де 23 жастағы Нұрбек ХАЙРОШЕВҚА 30 мың теңгенің сертификаты табысталды. 2-орынды 15 жастағы Аят АБДУЛЛАЕВ иеленіп, 50 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды.
Ал 1-орын 25 жастағы Боран ШЫҢҒЫСҚА бұйырды. Оған 100 мың теңгенің сертификаты тарту етілді. Енді ол Атырау атынан Түркістанда өтетін гранд-финалда бақ сынап, 5 млн теңгенің сыйақысына таласады. Гранд-финал өз өңірінде оза шапқан 60 ойыншының арасында өту керек.
Айнұр САПАРОВА