Өткен аптада бірыңғай уақыт енгізілуі мүмкін екені туралы мессенджер хабарламалары қазақстандықтарды, әсіресе батыс өңірлерінің тұрғындарын алаңдатқан еді. Айтылып жатқан пікірлер де әртүрлі: бірі бүкіл ел бойынша бірыңғай уақыт болса дейді, енді бірі бәрін сол күйінде қалдыруды сұрайды, ал үшіншісі, мысалы, қостанайлықтар облыстағы сағатты батыстағыдай бір сағат кері жылжытуды сұрайды. Ал қызылордалықтар 2018 жылы осылай жасап қойған.
«АЖ» дүрбелеңге берілмей, Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінен мемлекеттік органдардың бұл мәселе бойынша не жоспарлап отырғанын білуді ұйғарды. Бізге осы мәселеге жетекшілік ететін вице-министр Қайрат БАЛЫҚБАЕВ жауап берді: «Расында, Сауда министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы аумағындағы уақытты есептейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл топ уақытты есептеу мен осы саладағы ғылыми зерттеулерді қолданудың әлемдік тәжірибесін зерделейді. Алынған нәтиже бойынша еліміздің аумақтық ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми негізделген ұстаным әзірленеді.
Қоғамдық талқылау болады: нормативтік-құқықтық актілердің жобалары «Ашық НҚА» және әзірлеуші мемлекеттік органының сайтында жарияланады. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің ұсынымдары, «Атамекен» ҰКП сараптамалық қорытындылары және жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша сараптамалық кеңестері қабылданады».
Қорытындылай келе, бұл мәселе бойынша әзірге айқын ештеңе жоқ, жаңалық күтеміз.
Жомарт ӘМІРХАНОВ