Атырау, 26 қараша 19:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырау облысы әкімінің орынбасары мен құрылыс басқармасының басшысы партиялық жауапкершілікке тартылды

1 076 просмотра

2027 жылға қарай елімізде кемінде 1,2 млн оқушы орны ашылуы тиіс. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында осындай міндет қойылып отыр.  Мектептерді салу, жөндеу және жабдықтауға қатысты осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.

Жалпы, осы жылы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 137,7 мың орынға арналған 165 мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 78,5 мың оқушы орнына лайықталған 77 мектеп пайдалануға берілді. Биыл мектептердің құрылысына шамамен 164 млрд теңге бөлінген. Алайда, 7 айдың қорытындысы бойынша 2023 жылы қаражатты игеру көрсеткіші тек 37%-ы құрап отыр. 

Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел КАЗАНЦЕВ атап өткендей, жалпы білім беретін мектептерді салу және жөндеу қарқыны әлі де көңіл көншітпейді.

- Белгіленген мерзімде жұмысты толық аяқтау үшін мердігер ұйымдардың көбінесе қажетті ресурстары (ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық) ғана емес, сонымен қатар біліктілігі де жетпей жатады. Бұл жағдайды үнемі сот процестері арқылы шешу, мерзімінен кешігу, жұмыс сапасына қатысты шағымдар сияқты келеңсіздіктерге әкеліп соғады. Техникалық қадағалау жасау жеткіліксіз деңгейде жүзеге асырылады, көбіне-көп сапаға қатысты ескертулер жөндеу немесе құрылыс жүріп жатқан кезде емес, аяқталғаннан кейін беріледі, – деді ол.

Білім ошақтарындағы жөндеу жұмысының уақтылы жүргізілуінде мектеп басшылары да маңызды рөл атқарады. Мысалы, Атырау облысының Құлсары қаласында №18 мектеп директоры, «AMANAT» партиясының мүшесі Алтынгүл ИБРАЕВА мердігермен байланыс орнатып, көктемде оқу процесінің аяқталуын күтпей-ақ қаржыландыруды алғаннан кейін жөндеу жұмысын бірден бастап кеткен. Сонымен қатар, Алтынгүл Ибраева аудандық партиялық бақылау комиссиясымен бірлесіп, жұмыс сапасын жеке бақылайды. Осылайша, жұмыс кестесі сақталады. 

Жиын қорытындысы бойынша Комитет мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үшін бірқатар ұсыным қабылдады. Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу мен түзетуді жеделдетуге, мектептерді салу және жөндеу жөніндегі жобаларға мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алуға мүмкіндік беретін тетікті әзірлеу қажет. Оқу-ағарту министрлігі салынып және жөнделіп жатқан барлық мектептің нақты жүйелі есебін қамтамасыз етуі қажет.

- Өңірлердегі партиялық бақылау комиссиялары білім беру нысандарын салуға және жөндеуге қатысты сайлауалды бағдарламаның барлық тармағының орындалуын бақылауға алып, әрбір нысанда көшпелі тексерулер жүргізуі тиіс. Сондай-ақ, олар партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыруы қажет», - деп түйіндеді Павел Казанцев.

Сонымен қатар, мектептердің құрылысы мен жөнделуіне тиісті партиялық бақылаудың жасалмағанына байланысты Комитет үш облыстағы әкімдердің орынбасарлары мен құрылыс басқармаларының басшыларына «ескерту» түріндегі жаза тағайындауға қаулы етті. Олар Алматы облысы – Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ пен Сапар НҰРАШЕВ, Атырау облысы – Жасұлан БИСЕМБИЕВ пен Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ, Маңғыстау облысы – Жұмабай ҚАРАҒАЕВ пен Айнұр МАНКЕШОВА

Жомарт ӘМІРХАНОВ

27 қазан 2023, 13:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.