Бүгін №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы базасында аутист спектрі бар ерекше балаларға арналған алғаш мемлекеттік «Айна Like» жартылай күндізгі станционар ашылды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ қатысып, орталықтың әлеуметтік маңызына тоқталды.
- Мамандардың айтуынша, аутизм дертіне шалдыққан балалардың он екі мүшесі сау, бірақ өз жеке әлемі болады екен. Оларды қоғамнан алыстатпай, керісінше ортаға қосылуына, бірге өсуіне септігіміз тиюі керек. Тарихта осы дертке шалдықса да керемет суретші, түрлі өнер иелері болғанын білеміз. Осыған қарап-ақ, оларды ортаға бейімдеуге, сапалы білім алуына дұрыс методика таңдау керек. Осыған бүгінгі ашылған станционардың көмегі көп тиеріне сенемін, - деді С. Шәпкенов.
Орталық директоры Анар КАЮПОВАНЫҢ айтуынша, облыста 203 аутизм және басқа да ментальді бұзушылықтары бар бала тіркелген. Мұнда Атырау қаласы бойынша күніне екі мезгіл 30 баладан, жалпы 60 баланы қамту жоспарланып отыр.
- Орталықтың 10 маманы АВА терапиясы бойынша біліктіліктерін арттырып, арнайы курстардан өтті. Мамандар балаларға педагогикалық, медициналық, психологиялық көмек түрлерін көрсетеді. Балаларды қабылдау жеке оңалту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады, - деді А. Каюпова.
Айта кету керек, орталық ғимаратының 330 шаршы метрін күрделі жөндеуден өткізіп және заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында аймақтағы мұнай сервис компаниялары демеушілік көрсеткен. «НКОК» компаниясы сыртқы заманауи балалар ойын алаңымен, «Теңізшевройл» компаниясы мамандырылған 8 орындық арнайы инвакөлігімен және оңалту құралдарымен қамтамасыз етті.
Қазіргі уақытта орталықта жұмыс істейтін 4 дефектолог, логопед, эрготерапевт, емдеу, денешыңықтыру маманы, тәрбиеші, реабилитолог сынды мамандар балаларға педагогикалық, медициналық -психологиялық көмек түрлерін көрсетеді.