Атырау облысының экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ анасы ұзақ науқастан кейін өмірден өтті. Бұл туралы бұрынғы әріптесіміз Азамат Майтанов әлеуметтік желіде жазған болатын.
Мәдениет Нәсиқызы өмірден өтер алдынды шетелде жүрген ұлымен жүздесіп көріскен, дейді "Қамшы" сайты. Бұл туралы бұрынғы әкім өз Facebook желісіндегі парақшасында былай деп жазған: "Бүгін өмір сыйлаған анамнан айрылдым... Мерейіміз тасығанда қуанатын, қиыншылығымызды бізден бетер уайымдайтын анамыз бұл өмірден өтті... Өмірде тек жақсылық жасап, талай адамға қамқор болған, әулетіміздің ұйытқысына айналған анамды Алла тағала панасына алсын", деп деп қабырғасы қайыса жазған.
Көзі тірісінде аманаттағанындай денесі жұбайы Сәулебайдың жанына қойылмақшы.
Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласының, кейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарды. 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған болатын. Тергеу бірнеше жылға созылып, сот Бергей Рысқалиевты 17 жылға, ал інісі Аманжан Рысқалиевты 16 жылға сырттай соттаған еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА