Әлеуметтік желіде Атырау облыстық полиция департаментінің аты-жөні аталмаған СОБР (арнайы жедел әрекет ету жасағы) қызметкерлерінің үндеуі пайда болды. Олар өз басшылары, полиция полковнигі Жәнібек ШӘРІПОВТІҢ үстінен шағым айтып, Ішкі істер министрі Ержан СӘДЕНОВТЕН ІІМ Ішкі қауіпсіздік департаментінің бір топ қызметкерін Атырауға жіберуді сұраған.
Кейінірек ҚР ІММ Ішкі қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман САДАНОВТЫҢ атына арыз түріндегі тағы бір жарияланым шықты. Онда арнайы жасақтың аты-жөні белгісіз қызметкерлері Ж.Шәріпов пен оның орынбасары, полиция подполковнигі Марат МУКЕШЕВКЕ, рота командирі, полиция майоры Нұрсайын НҰРҚАСИМОВ пен взвод командирлеріне қатысты қылмыстық іс қозғап, ішкі істер органдарынан шығарып жіберуді сұрайды. Мәтінге, хат авторларының пікірінше, СОБР басшылығы қарамағындағылардан ақша жинаумен айналысатынын дәлелдейтін аудиожазба қоса берілген.
Хатта, атап айтқанда: «Нұсқауларын WhatsApp арқылы хабарламалармен жібереді. Барлық басшылық қызметте «өз» адамдары отыр, олар арқылы ай сайын түрлі сылтаумен қызметкерлерден 20-30 мың теңгеден жинап отырады. Өз айналасына жақын қызметкерлер мереке сайын медальдар мен мақтау қағаздарын алады, ал қалғандарына түк те жоқ. Жұмысқа мүлде келмей, жалақы алып отырған 10 шақты қызметкер бар. Солардың орнына жұмыс істеуге тура келеді. Әрбір взводқа өз адамдарын командир қылып қойған. Жақында рота командирі мен оның орынбасары лауазымына бос орын ашылды, бірақ бұл орындарға әдеттегіше өз адамдары барып жатыр».
«АЖ» сауалына полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ «Қазіргі уақытта қызметтік тексеру басталды» деп жауап берді. Кейінірек ол анонимді шағымның расталмағанын хабарлады:
– Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған ақпаратты назардан тыс қалдырмайды. Telegram желісінде таратылған ақпаратқа сәйкес, қазір кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Арнайы жасақ қызметкерлерімен әңгімелесу жүргізілді - анонимді шағымда көрсетілген деректер расталмады. Аудиожазбаға қоса берілген фотосурет негізінде қызметкерлердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзуға қатыстылығы тексеріледі. Сондай-ақ, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін хабарлаймыз.
Бұған дейін Жәнібек Шәріпов қоғамдық қауіпсіздік үшін жауапты әкімшілік полиция басқармасын басқарған, оның құрамында патрульдік қызмет, кәмелетке толмағандар ісі инспекциясы, учаскелік полиция қызметі және конвой қызметі болған. ІІМ деңгейінде жүргізілген қайта құру нәтижесінде ӘПБ барлық ведомстволық бағынысты қызметтерімен бірге жол полициясы басқармасына біріктірілді.
Айнұр САПАРОВА