Құрманғазы ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған «Қасиетіңнен айналайын, Құрманғазым!» атты Батыс аймақтық ақындар айтысы өтті. Жыр додасын Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және Құрманғазы ауданының әкімдігі ұйымдастырып отыр.
- Қасиетті ауданымыздың мерейтойы осындай дүбірлі жыр додасымен басталып жатыр. Айтыс - ұлттық өнердің асыл қазығы болса, ақын - халықтың жыршысы. Қанға сіңген ұлы өнер тартысты болсын. Сөз маржанын терген ақындарға сәттілік, - деді Құрманғазы ауданының әкімі Абат ЖАНҒАЛИЕВ.
Доданы ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Шалқарбай ІЗБАСАРОВ жүргізді. Ал белгілі ақын Мүтиғолла ҒАНИ қазылар алқасының төрағасы болды.
Айтыс жаңа форматта өтті. Ақындарды жеребе суыру арқылы көрерменнің өзі жұптады. Іріктеу кезеңінен өткен 8 ақын арасынан, финалға Жанболат ӘЛИЕВ (Маңғыстау облысы), Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ (Атырау қаласы) шықты.
Халықтың ыстық ықыласы және қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Жанболат Әлиев иемденді. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ екінші орынға қол жеткізсе, Нұрболат НҰҒМАНОВ пен Салауат КӘРІМҰЛЫ үшінші орынды бөлісті.
Жеңімпаздар ақшалай жүлдемен марапатталды.
Жомарт ӘМІРХАНОВ