Облыс әкімінің қатысуымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерұлан Серікқалиев өтініштердің 34% - ы оң шешілгенін хабарлады. Жоба басталғаннан бері 853 кәсіпкердің құқығын қорғауға қол жеткізілді, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті.
Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін 5 адам тәртіптік жауапкершілікке, 2 мемлекеттік органның лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан басқа, Департаменттің ұсынысы бойынша мемлекеттік сатып алу, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласында квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік органдар 155 кәсіпкерлік субъектісіне 1 млрд теңге көлемінде берешек төледі, – деді Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Е.Серікқалиев.
Отырыстың күн тәртібінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына кіретін жолдар мен инфрақұрылым саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мәселелері қаралды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы және "ҚазАвтоЖол" ҰК филиалының директоры баяндама жасады.
Облыс әкімі Серік Шапкенов жолға қатысты мәселелер ерекше бақылауда екенін атап өтіп, жол салу кезінде пайдаланылатын материалдарға, сондай-ақ жұмыс сапасына назар аударуға шақырды.
Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша әкім жауапты мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды және жол салу сатысында жымқырудың алдын алу қажеттігін атап өтті.