- Осыдан үш жыл бұрын мен жеке кәсіпкерлік ісімді ашқан едім. Алайда, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндігім болмады. Салық комитетіне есеп те тапсырғаным жоқ, тіпті, сол үш жылдың ішінде бірде-бір рет барып көргенім жоқ. Енді келіп мені таныстарым айыппұл төлейсің деп қорқытып қойды. Олардың айтып отырғандары рас па және мен сол мәселеге қатысты түсінік алу үшін қайда жолыққаным дұрыс?
Телефон арқылы
Сауалға қалалық салық басқармасының жеке кәсіпкерлікпен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Нұрлан ЖҰМАҒАЛИЕВ жауап береді. Оның айтуынша, бірінші кезекте жеке кәсіпкерлікті тіркету барысында оның қандай жұмыс режимін таңдағандығын білу міндетті. Алайда, кәсіпкер кез-келген жағдайда тіпті, оның сол кезеңде табысы болмаған жағдайда да есептеме тапсыруға міндетті. Және бұл құжаттарда көрсетілуі тиісті. Салық есептемесін ұсынбағаны үшін шынында да айыппұл салынады. Оны салу мәселесін Атырау қалалық салық басқармасы бастығының орынбасары қарайтын болады. Бұл жағдайда кәсіпкер қандай себептермен тиісті есептемені тапсырмағандығын айтып, түсініктеме жазады. Орын алған осы жағдайға қатысты біздің оқырманымызға міндетті түрде Атырау қаласы бойынша салық басқармасы орналасқан ғимараттың бірінші қабатындағы №22 терезеге жолығуы керек. Өзімен бірге жеке бас куәлігі мен ЖК тіркегендігі туралы куәлік және үй кітапшасын ала келуі керек.