Қызылқоға ауданы Миялы ауылында алғашқы рет көпқабатты үйдің құрылысы қолға алынды. Миялылықтардың көбі «АЖ»-дан сол үйдің құрылысы қашан аяқталып, пайдалануға беріледі деп сұрады.
Бұған демеуші болып отырған НКОК компаниясы, тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы, ал мердігері - «ТемирСтройСервис и Ко». Жобаның құны 1 млрд 417 млн теңгені құрайды.
Құрылыстың сыртында орналасқан тақтада үй құрылысы 2022 жылдың 15 қыркүйегінде басталып, 2023 жылдың 1 желтоқсанында тапсырылуы тиіс деп көрсетілген. Бірақ ол уақытқа тапсыруға үлгермейді, әлі толық қабырғасы қаланып, шатыры түгел жабылмаған. Өзін учаске басшысымын деп таныстырған Айтжан ЖАКУПОВТЫҢ айтуынша, материалдан кідіріс жоқ, адам күші жеткілікті. Бірақ құрылыс жұмысы графиктен неге кешігіп келе жатқанын ашып айта алмады.
«Тендер кеш өтуіне байланысты үй құрылысының пайдалануға беру мерзімі өзгертілді. 2024 жылдың наурыз айында үй құрылысы толық аяқталып, тапсырылуы тиіс» деді облыстық құрылыс басқармасының баспасөз қызметі.
АЖ анықтамасы: Қызылқоға ауданы бойынша 584 адам үй кезегінде тұр. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дулат НЫҒМЕТОВТЫҢ айтуынша, биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 595 млн теңге қаралып, 35 пәтер сатып алынған. Ол баспаналар жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын» және «Күміс» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар мен отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, бюджет және әскери қызметкерлер, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандарға берілді. Миялыдан тағы бір 60 пәтерлік үйдің сметалық жобасы жасақталды. Бірақ бұл аудандағы баспана проблемасын толық шешуге мүмкіндік бермейді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор